Экономика

Тоқаев Еуроодаққа су-энергетикалық консорциумын құру туралы ұсыныс айтты

Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің тиімді жүзеге асырылуына баса мән бере отырып, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен перспективаларын жан-жақты талқылады, деп хабарлады Ақорда.

Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық салалар бойынша ықпалдастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар коронавирус пандемиясына қарсы күреске, оның ішінде вакциналарды және вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Тараптар 29 бағыт бойынша ықпалдастықтың құқықтық негізін қалыптастыратын Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық  туралы келісімді толық іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Еуроодақтың Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының, сондай-ақ Еуроодақ – Орталық Азия бағытындағы белсенді диалогтың тиімді жүзеге асырылу барысына оң баға берілді.

Оқи отырыңыз: Еуроодақ Ауғанстан көршілеріне көмектесуге уәде берді

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, Еуроодақ – Қазақстан экономикасына жалпы 160 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған ең ірі инвестор. Ал Қазақстан – Еуроодақтың Орталық Азия аймағындағы ең ірі сауда серіктесі. Өзара сауда айналымы 24 миллиард долларға жеткен.

Кездесуде мемлекет басшысы Орталық Азиядағы су ресурстары мәселесіне тоқталып, аймақтағы мемлекеттердің гидроэнергетика, ирригация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы маңызды мүдделерін теңестіруге бағытталған халықаралық су-энергетикалық консорциум құру қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Президент еуропалық серіктестерді Қазақстанның бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуға шақырды.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Еуроодақ жүзеге асырып жатқан еуропалық "жасыл келісім" атауымен белгілі жаңа экологиялық даму моделіне тоқталды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев сенімді әрі тұрақты түрде шикізатқа қолжетімділікті, сондай-ақ еліміздің аккумуляторлық құн тізбегіне бірігуін қамтамасыз ету арқылы Еуропалық шикізат альянсымен және Еуропалық аккумуляторлық альянспен арадағы серіктестікті жолға қоюға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарль Мишельді Қазақстанға сапармен келуге шақырды.