Әлем

Мәскеудің бас мүфтиі ҚМДБ-ның ұсынысына қатысты өз ойын айтты

"Қара" деген сөз жаман ойға жетелейді. Осы тұрғыда Қазақстан мүфтиятының ұсынысы орынды , деді Ильдар Аляутдинов
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының басшысы Ильдар Аляутдинов "қара жұма" атауына қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Қажы Тағанұлы сауда орталықтары мен кәсіпкерлерді жаппай сатылымға арналған "қара жұма" атауын "жомарт жұмаға" ауыстыруды ұсынды. Себебі мұсылмандар үшін "жұма" сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Ал "жомарт жұма" жүрекке жылы тиеді. Халқымыздың ұғымына да сай келеді. Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ.

"Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, "қара жұманы" "жомарт жұма" деп өзгертсек, бұл Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің арқасында "жомарт жұма" акциясын өткізіп, қаншама жанның алғысына бөленер еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: Бас мүфти "қара жұма" атауын өзгертуді ұсынды 

Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының басшысы Ильдар Аляутдиновтың ойынша, "қара жұма" тіркесі жаман мағынаны білдірмейді. Өйткені сол күні дүкендер мен компаниялар халыққа барынша жеңілдік жасайды. Дегенмен "қара" сөзін көп жағдайда жаман нәрсемен байланыстырып жатады.

"Қара" деген сөз жаман ойға жетелейді, лас, қорқынышты, қара күштермен байланыстырып жатады. Осы тұрғыда Қазақстан мүфтиятының ұсынысы орынды. Болашақта, шынымен де осы атауды өзгертуге болады", - деді Аляутдинов РИА Новости порталына берген сұхбатында.

Айта кетері, АҚШ тұрғындары қарашаның соңында жылдың басты мейрамы – Алғыс айту күнін тойлайды. Осы күннен кейінгі жұманы "қара жұма" деп атап кеткен. Себебі сол күні сауда орталықтары үлкен жеңілдіктер жасайды. Биыл "қара жұма" 26 қарашаға келіп тұр.