Әлем

Еуроодақ жаңа ортақ қорғаныс стратегиясын әзірледі

2025 жылға қарай Брюссель саны бес мың жауынгерді құрайтын "жедел әрекет ететін бірыңғай әмбебап топ" құруды жоспарлап отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Еуроодақтағылар "Стратегиялық компас" жоспарына қатысты дауласып жатыр. Мәселе Еуропа елдерінің өз әскери блогын құрып, НАТО мен АҚШ-қа тәуелділікті бәсеңдетуінде болып отыр. Алайда түрлі себепке байланысты көбі бұл идеяға қарсылық танытуда, деп жазды РИА Новости.

"Еуропаны ұлы әрі шынайы тәуелсіз ету керек", - деп Брюссельдегілер жиі қайталауда. Бұл мақсатқа қол жеткізуге 2030 жылға дейінгі жаңа қорғаныс стратегиясы – "Страгеиялық компас" көмектеседі деп сеніп отыр.

Бұл құжат өте жылдам дайындалды. 2020 жылдың соңында Германия түрлі қауіпке төтеп беретін "шаралар кешенін әзірлеуді" ұсынды. Жарты жыл өтпей-ақ алғашқы нұсқасы ұлттық үкіметтердің қарауына берілді. Ал 2022 жылдың наурызына қарай бұл тұжырымдаманы бекітуді көздеп отыр. Одақтың бас шенеуніктері әріптестерін асықтырып жатыр.

"Қауіптерге жүргізілген талдау Еуропаға қауіп төніп тұрғанын көрсетті. <…> Біріншіден, біздің экономикалық мүмкіндіктеріміз келе-келе шектеліп жатыр. Отыз жыл бұрын әлем байлығының ширек бөлігі Еуроодаққа тиесілі еді. Алайда жиырма жылдан кейін бұл көрсеткіш небәрі он процентті құрайды. Сонымен қатар халық саны да азайып барады: жүзжылдық соңына қарай Еуропада әлемдік популяцияның бес проценті ғана болмақ", - деп үрейлендірді ЕО сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі комиссары Жозеп Боррель.

Лавров Ресей – Еуроодақ саммитін өткізуге не кедергі екенін айтты
Ал Ауғанстандағы жағдай "америкалық әріптестер" өздерін қорғауға қауқарсыз екенін паш етті. Сондықтан еуропалықтар алдағы апатқа өз бетінше қарсы тұруы керек.

Құжатта осы "апокалипсистің себебі" ретінде Ресейді көрсетіп, авторлар бұл ел "гибридті соғыс, жалған ақпарат тарату және кибершабуылдарды қолданып отыр" деп жазған. "Экономикалық бәсекелес әрі жүйелі қарсылас" ретінде Қытай да ескерілген.

Сондықтан Еуроодаққа ортақ стратегия, ортақ қорғаныс бюджеті және әскер қажет. 2025 жылға қарай Брюссель саны бес мың жауынгерді құрайтын "жедел әрекет ететін бірыңғай әмбебап топ" құруды жоспарлап отыр.

Боррель жаңа стратегия ЕО әскерін әлдеқайда жедел әрі тиімді ететініне сенім білдіріп, "бұл құжат қабылданғанда, поляк-белорус шекарасындағы босқындарға қатысты жағдай өте жылдам оңтайлы шешілер еді" деген пікір айтты.

Бірақ шенеунік қандай шара туралы айтып отырғанын нақтыламады. Сонымен қатар кім басқаратыны, әскерді немен қаруландыратыны, операцияларды қалай келісетіні түсініксіз. Сұрақ көп. Еурокомиссар ешқандай қайшылыққа көңіл аудармайтынын жеткізді.

Бұл идеяны тек Брюссель ғана насихаттап отырған жоқ. Берлин мен Париж де жаңа жүйеге қызығушылық танытып отыр. Олар сыртқы күштердің ықпалынан "тәуелсіз болуға ұмтылу" туралы ашық айтуда.

Ең бірінші кезекте НАТО-ны меңзеп отыр. Себебі дәл осы альянс күштері контингент қорғанысының негізі ретінде қызмет етуде. Оның басында АҚШ тұрғаны айтпаса да түсінікті. Америкалықтар екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада тұрақтады. Әскер саны біртіндеп өсіп, 1980-жылдары 300 мыңға жетті. Қазір 600 мыңға жақындап қалды.

34 мың әскер Германияда жайғасқан. Мұнда АҚШ аумағынан тыс ең ірі америкалық база – "Рамштайн" орналасқан. Соңғы жылдары неміс саясаткерлері мұхиттың арғы бетіндегі қонақтарға қырын қарап келеді: себебі олардың тыныс-тіршілігіне қажетті шығындарды Берлин көтеріп отыр. Сонымен қатар қару-жарақты Пентагоннан сатып алу идеясы да көптің көңілінен шықпай отыр. Мысалы, қазір бундестагтағылар америкалық F-35 пен "отандық" Eurofighter-дің бірін таңдауы керек.

Немістер алтыншы буынға жататын жойғыш ұшақтарды француздармен бірлесіп бірінші болып әзірлеуді көздеп отыр. Эммануэль Макрон Еуроодақтың әскери дербестігі туралы жиі айтады. Париж Вашингтонды өзіне бәсекелес санайды. Әйтсе де бес жылда әскери экспортты 72 процентке арттырды.

Австралия француз субмариналарынан аяқ асты бас тартпағанда, көрсеткіш бұдан да жоғары болар еді. Канберра AUKUS жобасы аясында АҚШ және Ұлыбританиямен әскери одақ құруға басымдық берді. Соның салдарынан құны 56 миллиард еуро болатын келісімшарттың бұзылуын Елисей сарайындағылар "буынсыз жерге пышақ ұру" деп бағалады.

Пентагонның ірі әскери-теңіз базасы орналасқан Апеннин тауларындағылар да бас көтерді. Римдегі саясаткерлер қатты қарсылық танытпаса да, қарапайым италиялықтар қоғамда тәртіпсіздік тудырып отырған янкилерге көптен бері наразы. Мысалы, 2017 жылы Виченцеде америкалықтардың мас күйде төбелес шығаруынан кейін оларға әскери бөлімшеден шығуға тыйым салды.

Пентагон Ресей шекарасында не істеп жүр
Мұндай оқиғалар Балтық маңында да жиіледі. Мамырда эстон қалашығы Тапада америкалық әскерилер жергілікті қыздарға дөрекі түрде тиіскен. Бұл дау Таллиннің араласуынан кейін елшілікте ғана әзер шешімін тапты. Бірақ Балтық маңы елдеріндегі билік америкалық әскери контингентке құшақ жайып, қуанып отыр. Осы жылдың тамызында Вильнюстың бастама көтеруімен кезекті әскери база "Геркус" ашылды. Бұл нысанның қажеттілігіне Пентагонның өзі күмәнданып отыр.

Қазір Литвада 500-ге жуық америкалық әскери қызметші, 30 "Абрамс" танкі және 25 "Брэдли" броньдалған машинасы бар. Ауқымды оқу-жаттығу кезінде де респубикадағы америкалық әскери техника қарасы көбейіп жатады.

Ал Польшада бүтіндей броньдалған танк бригадасы бар. Жақын уақытта Пентагон толыққанды база салып, ол жаққа 85 танк, жаяу әскерге арналған 190 соғыс машинасын, өздігінен жүретін 35 артиллериялық құрылғыны және көпір салатын 4 танк машинасын жөнелтеді. Сонда Ресей шекарасына дейінгі ортадағы қашықтық 256 километрді құрайды.

Польша мен Балтық маңы елдері "орыстардан төнетін қауіпке" байланысты "Компасқа" қарсылық танытып отыр. Ал басқалары экономикалық себептерді алға тартуда. Ең алдымен Еуроодақтың мүмкіндігі шектеулі "кіші мүшелері" сынға алып жатыр. Мысалы, Александр Вондра Еуропарламенттегі өкілі ретінде таныстырылған Чехия жобаны "тым ауқымды" деп атады.

"Бір жағынан, Ресей мен Қытайды қауіпті қарсылас ретінде көрсеткен, - дейді саясаткер. – Ал екінші жағынан Еуроодақ оларды серіктес ретінде қарастырып отыр".

Сонымен қатар мұндай "міндеттемелердің жүктелуі" пандемиядан кейін қалпына келіп үлгермеген экономикалық жағдайды одан бетер ушықтыратыны да айтылды.

Бірақ Брюссель әскери шығынды өсіруді талап етуде. Әйткенмен жеті жыл ішінде ЕО қорғаныс саласына 1,93 триллион доллар жұмсады.

"Жобаға қолдап отырған елдер, ең алдымен Франция, оны қабылдататыны анық. Себебі өзекті мәселе қаралуда: НАТО басқа жағдайда және басқа мақсаттар үшін құрылды. Бірақ өз әскери базаларынан кетуден бас тартатын америалықтармен жаңа альянстың басы қалай сыйысатыны белгісіз", - дейді Геосаяси проблемалар академиясының вице-президенті Константин Соколов.

Сарапшы осының салдарынан Еуроодақ ішінде шиеленіс арту қаупі күшеюі мүмкін екенін айтты.