НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Алматыда заңсыз электронды казино ашқан ер адам төрт жылға сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 28 жастағы В. Зайцев бұған дейін сондай қылмыс үшін сотталған болатын. Бірақ дұрыс жолға түскен жоқ.
"Ол "X.O. CLUB" деп аталатын ойын-сауық мекемесін ашқан. Сол жерде электронды казино ұйымдастырып, 25 миллион теңге көлемінде пайда тапқан", - делінген ресми хабарламада.
Тінту кезінде заңсыз ойын қосымшалары жүктелген 46 компьютер тәркіленді. Сол арқылы ақша қабылданып, ұтыстар аударылып отырған.