Экономика

Қазақстанда азық-түліктің бағасы төмендей ме – ЕДБ болжам жасады

ЕДБ инфляция баяу болса да, 4-6 проценттік дәлізге қайта оралады деп есептейді, демек азаматтардың сатып алу мүмкіншілігі артады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Еуразия даму банкі Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштері негізінде 2021 жылдың соңына, сондай-ақ 2022 және 2023 жылдарға болжам жасады.

Банк баяндамасына сәйкес, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы пандемияға дейінгі деңгейден көтеріледі. Себебі жылдың ортасында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2019 жылдың IV тоқсанындағы көрсеткіштерге жеткен.  

"Биліктің іскерлік белсенділікті қолдау шаралары экономикаға серпін берді. Соның нәтижесінде құрылыс пен өңдеу өнеркәсібі өсудің тұрақты динамикасын көрсетті. Жылдың екінші жартысында ауыл шаруашылығы да үкіметтен қолдау алды. Ол қуаңшылықтың салдарын жоюға мүмкіндік берді", - дейді банк мамандары.

Үш жылда ішкі жалпы өнім қандай болады?

ЕДБ сарапшылары 2021 жылдың соңында Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,8 процентке дейін өседі деп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 2,5 процентке төмендеп кеткен.

2022 жылы ІЖӨ 4,2 процентке дейін көтеріледі деген болжам бар. Ал 2023 жылы жаңа өндірістер іске қосылған сайын ішкі жалпы өнім өсе түседі. Мәселен Теңіз кен орнындағы мұнай өңдеу көлемі артады. Соның арқасында ІЖӨ 5 процентке дейін өседі.

Қазақстандағы инфляция

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 4,6 проценттен жоғары болады. Биыл азық-түліктің бағасы күрт көтерілді. Оның бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, тауар нарықтарында теңгерімсіздік болды. Әлемде көлік жүйелерінде кідірістер болды. 

2021 жылдың соңында инфляция баяулап, 8,4 проценттің маңайында болады деген болжам бар. Сөйтіп 2022 жылы біртіндеп баяулап, 2023 жылы 4-6 процентке дейін төмендейді. 

Ақша-кредит саясаты дезинфляциялық сипатта болады.

Теңге бағамы

Биыл қарашаның ортасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 2,1 процентке әлсіреген. Ал өткен жылы 10,4 процентке дейін түсіп кетті.

"Қазақстан теңгесі бірте-бірте әлсірей береді. 2022-2023 жылдары теңгенің номиналдық мәні бірқалыпты қарқынмен (шамамен жылына 1-2 процент) құнсызданады", - дейді банк сарапшылары.

Досаевтың болжамы

Бұған дейін ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылы инфляция төмендейтінін мәлімдеді.

"Үкімет пен ұлттық банктің үйлескен іс-қимылы нәтижесінде қазанда алты ай бойы көтерілген жылдық инфляцияның өсуі тоқтады. Инфляцияға қарсы жүйелі шараларды одан әрі іске асыру 2021 жылғы инфляцияны 8,5 процентке дейін тұрақтандыруға, ал 2022 жылы 4-6 проценттік дәлізге кіруге мүмкіндік береді", - деді Досаев сенаттың жалпы отырысында.

Оның айтуынша, азық-түлік бағасын ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қорларын тиімді пайдалану қарастырылған. Бұдан бөлек, өнімдерді форвардтық сатып алу іс-шаралары бар. Осылайша биыл инфляция 8,5 проценттен аспауға тиіс.

Оқи отырыңыз: Досаев Ұлттық қорда қанша ақша бар екенін айтты 

2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, инфляция біртіндеп төмендеп, 2023-2024 жылдары 4-5 процент, ал 2025-2026 жылдары 3-4 процент деңгейінде болады.

Бас банкирдің сөзіне қарағанда, инфляцияны 3 процентке дейін төмендету үшін қазіргі іс-шаралар аздық етеді. Оған қоса, экономиканы одан әрі әртараптандыру және импорт тауарларына тәуелділікті төмендету аясында жүйелі жұмыстарды жандандыру қажет.