НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Алматы мен Үндістан астанасы арасындағы тұрақты әуе рейсі қайта ашылады. Бұл туралы Air Astana компаниясы хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 16 желтоқсаннан бастап Airbus A320 жолаушылар ұшағы аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері Делиге ұшатын болады.
"Рейс Алматыдан таңғы сағат 07:50-де шығып, Делиге 11.10-де ұшып барады. Ал Делиден бері қарай шығу уақыты - 12:20, Алматыға сағат 16:40-та келеді. Бір жаққа ұшу уақыты 3 сағат 50 минут", - делінген ресми хабарламада.
Делиге кіру тәртібі: ПТР-тест керек пе
Делиге ұшатын барлық жолаушы, соның ішінде балалар да, www.newdelhiairport.in сайтында тиісті форманы толтыруы қажет. Ал 5 жастан асқан жолаушылар келуге дейін 72 сағат бұрын коронавирусқа жасалған ПТР-тест теріс нәтижесін тіркеп жіберуге тиіс.
Ұшаққа қонардың алдында және одан түскенде әрбір жолаушының дене қызуы өлшенеді. Егер коронавирустық инфекцияның белгілері анықталса, сол елдің медициналық мекемесіне оқшаулап қояды.
Коронавирусқа қарсы вакцина алмаған, сондай-ақ, вакциналаудың толық курсынан өтпеген туристер Делиге келген бойда ПТР-тест тапсырып, үйде жеті күндік карантинде отырады. Одан кейін тағы ПТР-тест тапсырып шығуы қажет.