Экономика

Вице-министр мобильді аударымдар қалай тексерілетінін айтты

Сондай-ақ Сұлтанғазиев бизнес үшін өзінің жеке шотын пайдалана беретін кәсіпкер қалай жазаланатынын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қараша – Sputnik. Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев төлемді мобильді аударымдар арқылы алатын және салық төлемейтін кәсіпкерлер қалай анықталатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айтуынша, мұндай бизнесмендерді арнайы ақпараттық жүйе анықтайды. Бұл жағдайда банк құпиясы күшін жойып, мәліметтер салық органдарына қолжетімді болады.

"Тәуекелдерді басқару жүйесін жасаймыз. Мәселен, тәуекелдердің бірі – бір күн ішінде адамға түрлі көздерден ақша түсуі. Егер бұл жағдай бірнеше күн, айлар бойы жалғасса, салық органдары назар аударып, жеке тұлғамен одан әрі жұмыс істеуі керек", - деді Сұлтанғазиев журналистерге сенат кулуарында.

"Біздің ақпараттық жүйелеріміз дамыған, жұмыс істейді. Оның үстіне бізде жасанды интеллект элементтері енгізіліп те қойды. Сол себепті мұндай операцияларды анықтау қиын емес", - деп толықтырды ол.

Журналистер вице-министрден тексерістен қарапайым халық зардап шекпей ме деп сұрады. Мысалы, қазақстандықтарғаа туған күн кезінде мобильді аударымдар арқылы ақша аударылуы мүмкін.

"Егер туған күніңізде шотыңызға туыстардан ақша түссе, сіз тәуекелдерді басқару жүйесіне тіпті де кірмейсіз. Ал егер сіздің туған күніңіз күн сайын және бес реттен болса, бұл күмән туғызады", - деп жауап берді Сұлтанғазиев.

Жаңа түзетулер қазіргі салық салу режиміне әсер етпейді. Яғни кәсіпкерлердің салығы көбеймейді.

"Бұл жерде заңды айналымды көрсету ғана сөз болып отыр", - деп атап өтті шенеунік.

Сондай-ақ Сұлтанғазиев бизнес үшін өзінің жеке шотын пайдалана беретін кәсіпкер қалай жазаланатынын айтты.

"Қазір бізде есепке уақытында қоймағаны үшін әкімшілік айыппұл бар. Бұған қоса есепте айналымды көрсетпегені, яғни чек өткізбегені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Барлығында алғаш рет жасаса, ескерту беріледі. Ал екінші рет қайталанса, айыппұл салынады", - деді вице-министр.

Бұған дейін парламент кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуға міндеттейтін заң қабылдады. Пандемия кезінде кәсіпкерлер жеке тұлғалар арасындағы транзакцияға арналған мобильді аударымдарды бүкіл жерде пайдалана бастады. Ол бизнесмендерге өз табысын жасырып, салықтан жалтаруға мүмкіндік берді.

Енді заңнамалық түзетулер аясында кәсіпкерлер бизнеске арнап жеке шот ашуға міндеттеледі. Банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына жібереді.

Түзетулер әлі күшіне енген жоқ, заң президенттің қарауына жолданды.

Оқи отырыңыз: