Қоғам

Жыл соңында қазақстандықтар үшін Ресейге кіру ережесі өзгереді

Жаңа ереже Ресейге 90 күннен астам мерзімге, сондай-ақ еңбек қызметі мақсатында келген қазақстандықтарға қатысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі қазақстандықтар үшін Ресейге кіру ережесі өзгеретінін хабарлады.   

"2021 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Ресейге 90 күннен астам мерзімге келетін Қазақстан азаматтары ресейлік медициналық мекемелерде есірткіге тәуелділік пен жұқпалы аурулардың, оның ішінде АИТВ инфекциясының жоқтығын растауы керек. Анықтамаларды ІІМ аумақтық органдарына тапсыру қажет. Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз азаматтардың құжаттарын оның ата-анасының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының бірі (6 жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды) ұсына алады", - делінген елшіліктің хабарламасында.

Сондай-ақ қазақстандықтарға міндетті мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеуден өтіп, суретке түсу қажет, одан кейін ІІМ аумақтық органдары оларға тиісті құжат береді.

"Еңбек қызметі мақсатында Ресейге келген жағдайда жоғарыда көрсетілген рәсімдер келген күннен бастап 30 күн ішінде, басқа мақсаттарда 90 күн ішінде өтуі керек", - деп хабарлады елшілік.

Медициналық анықтамалардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін қазақстандықтар 30 күн ішінде медициналық куәландырудан қайта өтуге және жаңа құжаттарды ІІМ аумақтық органына немесе мемлекеттік және жергілікті қызметтердің бірыңғай порталын пайдалана отырып, электронды құжат нысанында не ведомстволық бағынысты кәсіпорын немесе уәкілетті ұйым арқылы ұсынуға міндетті.

Жоғарыда аталған талаптар орындалмаса, Ресейде болу мерзімі қысқартылуы мүмкін.

Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.