Қоғам

Бозымбаев Алматы облысын дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға уәде берді

Мемлекет басшысы бұрынғы әкім Амандық Баталовтың жұмысын өте жақсы бағалап, облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғысын білдірді
Sputnik

АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Алматы облысының әкімі қызметіне тағайындалған Қанат Бозымбаев Жетісу өңіріне басшылық ету үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Ол сондай-ақ Алматы облысының өзі үшін ерекше ыстық екенін жеткізді.

"Жетісу – ата-бабам өмір сүрген мекен. Сондықтан да ыстық. Жалпы облыстың әлеуеті зор, шекаралы өңір. Оны халықтың игілігіне пайдалана білуіміз керек. Өңірде Амандық Ғаббасұлының басшылығымен іргелі істер атқарылды. Мен де өз тарапымнан облысты дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын деп уәде беремін", - деді Бозымбаев.

Ол халықтың сенімін ақтауға барын салатынын айтты.

Айта кетері, 24 қарашада Алматы облысының әкімі болып Қанат Бозымбаев тағайындалды. Бұл лауазымды қызметті 2014 жылдан бері Амандық Баталов атқарған.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов Қанат Бозымбаевты облыс активіне таныстырды.

"Амандық Ғаббасұлы 7 жылдан астам уақыт Жетісу өңіріне басшылық етті. Осы жылдарда облыс жақсы көрсеткіштерге жетті, көптеген ірі жоба іске асырылып, бұл өңірдің дамуына үлкен серпін берді. Мемлекет басшысы Амандық Ғаббасұлының жұмысын өте жақсы бағалап, облыс әкімі лауазымында көп жыл жемісті қызмет атқарғаны, өңірді дамытуға және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін алғысын жеткізуімді тапсырды", - деді ол.

Жиын соңында ол облысты дамытуда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, індетпен күрес шаралары басты басым бағыттар болып қала беретінін айтты.

Оқи отырыңыз: