Қоғам

Абай шахтасындағы апат: министр тергеу нәтижесін жариялады

Үкімет комиссиясының қорытындысы тергеу органдарына жіберіледі. Олар апатқа кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 24 қараша – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасындағы апатқа қатысты тергеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айта кетері, апаттан кейін үкіметтің арнайы комиссиясы құрылған болатын. Тергеу шараларына шетелдік мамандар да тартылды.

"Бұл - газды-динамикалық апат. Сол кезде метан газы шығып, тау-кен массасы опырылып түсті. Комиссияның шешіміне сәйкес, қайтыс болған жұмысшылардың кінәсі – 0%, ал жұмыс беруші "Арселор Миттал Теміртау" 100 процент кінәлі болды", - деді Ильин арнайы баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, төтенше жағдайға жүйелі мәселелер себеп болған. Жұмыс беруші қажетті шараларды уақытында жасамады. 

"Ондай шаралар белгілі бір уақыттың ішінде атқарылмағаннан кейін апат кезіндегі құбылыстарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, комиссия осы қайғылы жағдайға себеп болмаған басқа да тәртіп бұзушылықтарды анықтады. Соның ішінде инженерлік-техникалық құрам мен жұмысшылардың тапшылығы бар. Жұмыс беруші геологиялық қателіктерге барлау жұмыстарын толыққанды өткізбеген. Сондай-ақ технологиялық құрал-жабдықтарды уақытында ауыстырмаған", - деп атап көрсетті Ильин.

Үкімет комиссиясының қорытындысы тергеу органдарына жіберіледі. Олар апатқа кінәлі лауазымды тұлғаларды анықтайды.

Оқи отырыңыз: