АҚШ танкіге қарсы "Javelin" кешендерімен шектеліп қалмайды. Киевке Ми-17 тікұшақтары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары - Stinger мен Patriot жеткізілуі әбден мүмкін. Пентагон "Патриоттармен" қоса арнайы мамандарын да жібереді. Себебі Украинаның қарулы күштерін үйретіп отыруға уақыт жоқ.
20 қараша күні Киевтегі АҚШ елшілігінің әскери атташесі, полковник Брендон Пресли Пентагонның барлау офицерлерімен бірге Донбассқа барып, Пески мен Марьинка елді мекендеріне жақын жерді аралап шықты. Бұның бәрі Преслидің қызметтік міндеттеріне кірмейді. Ал НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг өткен аптаның соңында Украинаның шекарасына жақын жерде ресейлік әскердің көптеп шоғырланғанын мәлімдеді.
Оған қоса, Пентагон Еуропадағы одақтастарына карталарды да берген. Онда 100 батальондық тактикалық топтардың орналасқан жері көрсетілді. Осылайша, Ресей 2022 жылы қаңтар-ақпан айларында бірнеше бағытта Украинаға басып кіреді-міс.
Вашингтон дегеніне жете ме?
Осы айдың басында Украинаның қорғаныс министрлігі шекараға жақын жерде ресейлік әскердің шоғырланғанын жоққа шығарды. Ал 18 қарашада қорғаныс министрі Алексей Резников пен Пентагон басшысы Ллойд Остиннің кездесуінен кейін қарама-қайшы ақпарат сап тыйылды.
Дүйсенбі күні Украинаның ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексек Данилов ресейлік армия кірген жағдайда Батыстың көмегіне кепілдік бар екенін мәлімдеді. Киев болса, Вашингтоннан алдымен әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы қорғаныс құралдарын жеткізіп беруді талап етті. Бірақ ондай қару-жарақ мемлекеттік департамент пен конгрестің рұқсатымен ғана жіберіледі. Ал Украина жерінде АҚШ-тың қару-жарақтары көбейсе, Ресей оған өз шекарасына жақын тұрған НАТО-ның алаңы ретінде қарай бастайды.
Ресейдің ұстанымы қандай?
21 қарашада Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Украинаның НАТО оқу-жаттығуларын желеу етіп, Донбасс мәселесін күшпен шешудің көздейтінін ашық айтты. Сыртқы барлау қызметінің пресс-бюро басшысы Сергей Иванов болса, АҚШ-тың дипломатиялық арналар арқылы өз одақтастары мен әріптестеріне жалған ақпарат таратып жатқанын мәлімдеді. Ресей әскери агрессияға дайындалып отырған жоқ.
Мәскеудің басқыншылық жасайтын ойы жоқ болса да, батыс шекарасының қауіпсіздігі мен Донбасста тұратын жарты миллион ресейліктің тағдыры кез келген энергетикалық жобадан жоғары тұрады. Осыған байланысты Ресейдің қорғаныс министрлігі шекараны ТОС-2 "Тосочка" жаңа ауыр от ату жүйесімен күшейтуге кірісті.