Дерекқор

Қурай, қамыс және ағаштан жасалады: ұлттық аспап сыбызғы туралы не білеміз

Қазақ халқының ұлттық аспабы – сыбызғы туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Сыбызғы – қазақ халқының төл аспаптары қобыз, домбырамен қатар аталатын ұлттық үрмелі саз аспабы.

Сыбызғы үрмелі аспаптардың көне түріне жатады. Тарихи деректерде сыбызғының 17-19 ғасырларда қазақ даласында кең тарағаны туралы айтылады.

Сыбызғы туралы тарихи деректер

Орыс зерттеушісі Алексей Левшин 1932 жылы Санкт-Петербургтан шыққан "Описание киргиз-кайсацских орд и степей" деген еңбегінде "қылқобыз және сыбызғы қазақтың басты аспаптарының бірі " деп жазған.

Ал кей деректе "они имеют так называемые сыбызғы, сделанные из толстой стволистой травы и деревянные, обвитые толстою нитью с несколькими дырками" деп кездеседі.

Ертеректе қазақ сыбызғышылары көп жағдайда сыбызғыны қурайдан, қамыстан жасап тартқан. Ғалым Құдайберген Жұбанов "қазақтың инструментінің біреуі "сыбызғы". Жұрнақ түріндегі "сыбызғы" сөзі ұяң дауыспен айтылған түрінде, мұндағы "з" дыбысын қатаң "с" дыбысына айналдырсақ, "сыбыс" болады.

"Сыбыс" қазақша "дыбыс" дегеннің бір баламасы, сонымен қатар бұл сыбызғы қамыстан, қурайдан жасалатын болғандықтан, қамыс та алғашында осы сөзбен аталып кеткен. Қазақша қамыстың бір аты сыбыс. Көп жерде бұл сөз сақталмаған. Бірақ ұзын бойлы жіңішке нәрсені таныту түріндегі сын есім "сиди" түрінде пайдалану әр жерде бар. Сөйтіп "сыбызғы" деген сөз, бірінші жағынан, дыбыс, екінші жағынан, сол дыбысты шығаратын аспаптың аты болса, үшіншіден, сол құрал жасалатын зат – қамыстың аты болады", деп жазған.

Сонымен қатар алтай халқының да "сыбысқы" және хакас халықтарында "сыбысха" деп аталатын үрмелі аспаптары бар.

Сыбызғы қалай жасалады

Сыбызғының дәстүрлі үлгісі қурай өсімдігінен жасалады, аспапты жасауға қара қурай, өгіз қурай, қырлы қура түрлері пайдаланылған. Сыбызғышылар сыбызғыны қурайдан өздері жасап алып тартқан және оны жасау әдіс-тәсіліне әрбір өнерпаздың өзіндік өлшемі, өз заңдылығы болған.

Аспапты жасау үшін жаздың соңғы айларында, күз уақыттарында әбден өсіп жетілген өзегі кеңейіп, буыны қатайып кепкен түзу қурайлар пайдаланған. Қурайды кей сыбызғышы қолының ұзындығымен өлшеп кесіп алатын болған, енді бір өлшемнің түрі өнерпаз-шебер өз тұтамын өлшем етіп алты тұтам, жеті-сегіз тұтам етіп қурайды кесіп алған.

Сыбызғының тесік-ойығын оюдың да өз ерекшелігі бар. Бірінші ойық қурайдың жіңішке ұшынан алақанның еніндей жоғары қарай ойылады, ол төрт елі болады. Екінші ойық бірінші ойықтан жоғары қарай үш елі өлшемінде ойылады, келесі үшінші ойық екінші ойықтан екі немесе кейде екі жарым елі өлшемдерінде ойылады.

Бабымен жасалған сыбызғы сыртынан сойылған малдың өңешінің ақ шелімен немесе жас төлдің аш ішегімен қаптайтын болған. Мұндай сыбызғының үні таза, ыстық-суыққа берілмейтін және ұзақ уақытқа дейін шыдайтын. Қурай сыбызғыны тартқанда орындаушылар қурайдың өзегін сумен бүркіп отырған.

Себебі қурайдың іші кеуіп, қаңсып кетуіне байланысты дыбыстың біркелкі шығуына, бояуына кедергі жасайды. Қурайдан жасалған сыбызғының дыбысы әуезді-жұмсақ әрі табиғи болып шығады.

Сондай-ақ сыбызғы аспабының қызыл ағаштан, талдан жасалған түрлері кездеседі. Ел ішіндегі өнерпаздар сыбызғының дыбыс қуаты мен жан-жақты мүмкіндіктерін жетілдірумен бірге, ұзақ уақыт тартқанға шыдамды болуына да күш салған. Қурайдан жасалған сыбызғы көпке шыдамаған.

Сыбызғы жасау үшін қарағайдың бұтағы жоқ түзу жерінен 55-60 см ұзындығындай өлшеп кесіп алады. Одан кейін сыртын тазалап жонады, артынша ағашты ортасынан бөледі. Бөлінген ағаштың ішкі жақтарын ойып өзек жасайды, өзектің іші тазартылып болған соң өзектің өрнек-өрімен бір-біріне дәл қиылыстырып, қайта беттестіреді. Желімдеп, сыртынан шуда жіппен орап байлайды. Желім қатқанша жіпті шешпейді.

Содан кейн өз өлшемі бойынша бірінші, екінші және үшінші ойықтар отқа қыздырылған темірден тесіледі. Ең соңында аспаптың бас жағынан, орта белінен және төменгі ұшын ішекпен байлайды.

Шығыс пен Батыс Қазақстандағы сыбызғы өнері

Үш ойықты, бес ойықты, алты-жеті ойықты сыбызғыны зерттеген Талғат Мұқышевтің "Сыбызғы сазы" еңбегінде сыбызғышылық дәстүрі республикамыздың Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан өңірлерінде ерекше орындаушылық сипатқа ие болғанын айтады.

Шығыс Қазақстан сыбызғы өнері көне аңшылық заманмен астасады, оны "Аңшының зары" күйі, бүкіл түркі тілдес халықтардың бәріне ортақ "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" дастанындағы "Қозы Көрпештің қоштасуы" атты күйі де осы өңірде сақталып, орындалып жүр.

Шығыс Қазақстандағы сыбызғы дәстүрі Алтай Тарбағатай тауын бойлап Қытай, одан әрі Моңғолия аймақтарын қамтыған. Алтайдан Баян Өлгейге дейін тараған сыбызғы өнері үш мемлекеттегі қандастардың ортақ мәдени мұрасы болып отыр.

Батыс Қазақстандағы сыбызғы дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі – Сармалай. Сармалайдың күйлерін бізге жеткізген сыбызғышы – Ысқақ Уәлиев. Уәлиевтің орындауында Сармалайдың бірнеше күйін академик Ахмет Жұбанов нотаға түсіріп, жарыққа шығарған.

Сыбызғы – сазсырнай

Сыбызғы туралы ел арасында танылған әннің бірі – "Сыбызғы – сазсырнай". Шөмішбай Сариев сөзін жазған ән Мәдина Ералиеваның орындауында өз тыңдарманын тапты.



Өзіңмен сырласып,
Жүрегім жырлашы.
Сыбызғы – сазсырнай,
Үнін сен тыңдашы.

Қайырмасы:

Жұлдыздар тамсанған,
Кеудемде қанша арман?..
Сызылтып ән салған,
Бақытын азсынбай.

Сен десе жүрегім-ай,
Сыбызғы – сазсырнай.
Өмірде – өзі мұң,
Ән-әуен көзімін.
Сыбызғы – сазсырнай,
Сен десе сезімім.

Қайырмасы:

Жұлдыздар тамсанған,
Кеудемде қанша арман?..
Сызылтып ән салған,
Бақытын азсынбай.

Сен десе жүрегім-ай,
Сыбызғы – сазсырнай.
Арнаған гүліме,
Жүректің тілі ме?
Сыбызғы – сазсырнай,
Құлақ сал үніне.

Қайырмасы:

Жұлдыздар тамсанған,
Кеудемде қанша арман?..
Сызылтып ән салған,
Бақытын азсынбай.

Сен десе жүрегім-ай,
Сыбызғы – сазсырнай.

Сыбызғы туралы ақын Әбдірахман Асылбектің бірнеше өлеңі бар. Әбдірахман Асылбектің "Сыбызғы" өлеңі:

Егер тартып қараса,

Сыбызғы үні тамаша!

Дала ұйып тұр тыңдап.

Ойна, сыбызғы!

Жырла, сыбызғы!

Құмымызға көктем кеп,

Болды бәрі көкпеңбек,

Жаңбыр жауды сыртылдап.

Ойна, сыбызғы!

Жырла, сыбызғы!

Табиғаттың өз үні

Қуантты лақ, қозыны.

Шопанның да шат әні.

Ойна, сыбызғы!

Жырла, сыбызғы!

Таудың ерке самалы

Құмға өрнек салады,

Қандай көркем Отаным!

Ойна, сыбызғы!

Жырла, сыбызғы!

Әбдірахман Асылбектің "Ойнашы, сыбызғы" өлеңі:

Сыбызғы, әсем әуен ойнашы бір,

Қуалап қайғы-мұңды қайдағы бір.

Жаныма жан рахат нұрын сеуіп,

Есіме түссін жайлы жайдары жыр.

Сыбызғы, үніңе шын балқып кеттім.

Көңілім көтеріліп, шалқып кеттім.

Қайғы-мұң қанат қағып менен шалғай,

Балбырап төсегіңде қалғып кеттім.