Қоғам

Тұтынушылардың құқығын қорғайтын омбудсмен институты пайда болады

Омбудсмен институтын енгізу нормасы қазір әзірленіп жатқан "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң жобасында жазылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Қазақстанда тұтынушыларға құқықтық көмек көрсететін омбудсмен институты пайда болады. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Премьер қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін арттырумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Құқығы қорғалатынына сенімді тұтынушылар тарапынан сапалы тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге сұраныс жоғары болады.

"Пандемия кезінде электронды сауда қызметтеріне сұраныс күрт өсті. Сондықтан тұтынушылар құқығының бұзылуына жол бермеу үшін құқықтық нормаларды одан әрі жетілдіру қажет", - деді Мамин үкімет отырысында.

Айтуынша, былтыр заңнамаға түзетулер енгізілді, үкімет жанынан ведомствоаралық кеңес құрылып, тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.

"Омбудсмен институты тиімді басқарудың заманауи моделінің ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген елдердің тәжірибесі тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу қажеттігін айғақтайды. Оның міндеті тұтынушыларға құқықтық көмек көрсету болмақ", - деді премьер-министр.

Омбудсмен институтын енгізу нормасы қазір әзірленіп жатқан "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заң жобасында жазылады.

Мамин осы бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын атап өтті.

Сондай-ақ ол азаматтардың өтінішін жүйеге келтіру және мемлекеттік органдар тарапынан жедел ден қою үшін "е-tutynushy" жүйесін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен интеграциялау қажет екенін айтты. Бұл жұмысты 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруды, бұл мәселені 2022 жылға арналған мемлекеттік ақпараттық саясат аясында пысықтауды тапсырды.