Әлем

91 жастағы қария ауруы шыдатпаған соң өзіне ота жасады

Зейнеткерден онкологиялық ауру анықталған, алайда коронавирусқа байланысты операция кейінге шегерілген
Sputnik

АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Ресейдің Ленинград облысында 91 жастағы әжей ауруы шыдатпаған соң өзіне операция жасамақ болған. Себебі коронавирус расталғандықтан, хирургқа бара алмаған.

Ауырсынудан құтылу үшін ішін кескен қөарияның әрекеті туралы әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкері Виктория Шутова жазды. Зейнеткер әрекеті өліммен аяқталуы мүмкін деп ойлап, туыстарын кінәлаудың алдын алғысы келген. Сондықтан хат жазыпты.

"Қымбатты және сүйікті қызым, сүйікті немерелерім! Кешіре алсаңдар, менің осындай әрекетімді кешіріңдер, бірақ мен мұндай аурумен өмір сүре алмаймын. Менің жағдайым ауыр. Менің қызымды кінәламаңдар, ол жақсы адам. Барлығыңды сүйдім, әжелерің", - деп жазды қария.

Шутованың айтуынша, әжейден онкологиялық ауру табылған, бірақ жоспарланған операция кейінге қалдырылды. Себебі коронавирустың бар-жоғын тексерген сараптама оң нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ жағдайының асқынуына іш қуысында сұйықтықтың жиналуы әсер еткен.

"Осындай асқыну кезінде адамның жағдайы нашарлайды. Жүре де, жата да алмай, тіпті тыныс алу қиындайды. Әжей өз жағдайын жеңілдету үшін сұйықтықты шығару мақсатында ішін пышақпен тілген", - деп түсіндірді маман.

Ленинград облысының денсаулық сақтау комитеті қазір егде жастағы әйелдің жағдайы тұрақты, дәрігер бақылауында екенін айтты, деп хабарлады РИА Новости.

Ленинград облысының денсаулық сақтау комитеті бұл істің мән-жайын тексеруді бастады.