НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. "Газпром" Молдоваға 48 сағат ішінде газ жеткізуді тоқтататынын ескертті. Себебі ақы төлеу мерзімі 22 қарашада өтіп кеткен. Бұл туралы компания билігі Сергей Куприянов мәлімдеді.
Оның айтуынша, "Газпром" молдовалық тараптың шарттарымен келісіп, келісімшартқа қол қойған болатын. Компания осы елдің қиын экономикалық және қаржылық жағдайын ескерді. Сондай-ақ, Ресей президентінің ұстанымына басымдық берген. Өйткені Молдова билігі бірнеше рет көмек сұраған. Бірақ маңызды бір шарт орындалуы қажет. Тұтынушы газдың ағымдағы ақысын толығымен төлеуге міндетті.
"Ағымдағы төлемдердің кезекті уақыты – 22 қараша. Бірақ ақша аударылған жоқ. Осыған байланысты "Газпром" екіжақты келісім бойынша молдовалық тарапты 48 сағаттың ішінде газ жеткізу тоқтатылатынын ескертті", - деді Куприянов "Россия 24" арнасында.
"Молдовагаз" компаниясының басшысы Вадим Чебан "Газпромнан" ескерту хатын алғанын растады. Оған сәйкес, қазан мен қарашаның ортасына дейінгі төлемдердің бәрін жабу қажет.
"Бізде баға жағынан үлкен айырмашылық шығып тұр. Қазан айында тариф бойынша газды сатып алу бағасы 150 доллар болған. Біз болсақ, 800 доллардан алып тұрдық. Міне, осы мәселені шешуіміз керек", - деп атап көрсетті Чебан Newsmaker.md порталына берген сұхбатында.
Айта кетері, қазанның соңында "Газпром" мен "Молдовагаз" қарашаның 1-інен бастап газды жеткізу келісімшартын тағы 5 жылға ұзартты.