Өңірлер

Ақтөбе облысында жұқпалы ауру таралып жатыр

Кеселге ірі қара ғана емес, ұсақ малдар да шалдыққан. Әсіресе қойлардың алдыңғы екі аяғы бүктетіліп, еңбектеп жүре алмай қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Ақтөбе облысында жұқпалы мал ауруы тарап жатыр. Алға ауданында мүйізді ірі қараның сілекейі ағып қызуы көтерілсе, буыны әлсіреген қой-ешкі жүре алмай қалады екен. Бірақ мамандар бұл індеттен малға да, адамға да қауіп жоқ деп отыр, деп хабарлады КТК.

Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғындары аусыл тарады ма деп алаңдаулы. Қорасындағы қой-ешкісінен бастап, мүйізді ірі қарасы індетке шалдыққан. Бұрын ақырдағы жем-шөптен бас алмайтын төрт түлігі бір жұтым су да ішпей қалыпты.  

"Аузынан сілекей шұбырып тұрады. Шөп, жем жемейді. Су ішпейді. Ыңырсып тұра береді. Әуелде сиырды аусыл деп қорықтық. Бәрі солай деді", - дейді Бестамақ ауылының тұрғыны Ахмадин Мұқашов.

Бұл кеселден тек қана ірі қара малы емес, ұсақ малдар да ауырған. Әсіресе қойлардың  алдыңғы екі аяғы бүктетіліп, еңбектеп жүре алмай қалған.  Індеттен Бестамақ ауылында әзірге 7 бас мал өлген. Дегенмен тұрғындар өз бетінше елден естіген ем-домын жасап жатыр. Кеселдің кесірінен мал ұстаудан қорқып қалғанын жасырмайды.  

"Әрине, қорқынышты. Мал ұстағымыз келмей кетті. Қорқамыз. Тіпті үйде тұрған бұзауға да жұқты. Біздің сиырлардың сілекейі шұбырған жоқ, бірден әлсіздік пайда болды. Сосын барып сілекейі шықты", - дейді  Балжан Жақсылықова.

Жергілікті шенеуніктер бұл кеселден малға да, адамға да қауіп жоқ деп отыр. Ауру белгілері аусылға ұқсағанымен, ондай қауіпті емес деп сабырға шақырады.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысындағы аудандардың бірінде карантин енгізілді 

"Адам денсаулығына тікелей әсер ететін ешқандай факті тіркелген жоқ. Расталған жоқ. Ветеринарлық ұлттық орталық бұл инфекциялық ринотрахеит ауруы екенін анықтады", - дейді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағанбетов.

Бұл ауру Алға ауданының Бестамағынан бөлек, көрші екі ауылда анықталды. Індет малдан малға жұғады. Ринотрахеит жұқтырған мал төл тастайды екен. Сауынды сиыр болса, сүті қашады дейді мамандар. Ал етін ауру жазылған соң екі аптадан кейін жеуге болады.