Қоғам

Депутаттың кеңесшісімен деп таныстырған: ер адам қазақстандықтарды алдап кетті

Жас жігіт жәбірленушілердің бірімен дос болған, оның атынан төрт онлайн кредит алған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 22 қараша – Sputnik. Елордалық полиция қазақстандықтардың атына онлайн кредит рәсімдеген 26 жастағы алаяқты ұстады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 10 миллион теңгеден асады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ақпаратынша, "Бюро Юр и Консалтинговых услуг" ЖШС директоры болған жігіт адамдарға өзін білікті заңгер ретінде таныстырған. Бұған қоса күдікті қоғамдық ұйымға мүше болған және депутаттың штаттан тыс кеңесшісі екенін айтқан. Осылайша ол клиенттердің сеніміне кіріп, заңгерлік қызмет көрсету үшін жеке анкеталық деректерін сұратқан. Құжаттарды алған соң, оларға өз фотосын сканерлеп, онлайн кредиттер рәсімдеген. Жәбірленушілер алаяққа алданып қалғанын банктен несие мерзімі өтіп кеткені туралы қоңырау келгенде бір-ақ білген.  

26 жастағы алаяқ арам пиғылын елорда, Алматы мен Атырау қалаларында іске асырды. Жәбірленушілердің бәрі күдіктіге консалтингтік қызмет үшін жүгінген. Ер адам жәбірленушілердің бірімен дос болған, оның атынан 4 онлайн кредит алған.

"Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 10 миллион теңгеден асты. Жалға алған кеңсені тінту барысында қолдан жасалған 15 мөр тәркіленді", - делінген хабарламада.

Күдіктінің басқа қылмыстарға қатыстылығын тексеру үшін елдің өзге өңірлеріне сұрау жіберілді.

Қазір күдікті қамауда отыр. Тергеу жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз: