Өңірлер

Сырдария ахуалы мен Аралдағы қуаңшылық: Әбдіқалықова өңірде не істеліп жатқанын айтты

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова брифинг өткізіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді
Sputnik

ҚЫЗЫЛОРДА, 18 қараша – Sputnik. Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Құрылыс, мәдениет, білім, спорт, денсаулық сынды басқа да салаларда ауыз толтырып айтарлық жетістік бар. Дегенмен түйіні тарқатылмаған мәселе де жетіп артылады. Сонымен Сырдария өзенінің жағдайы, Аралдағы қуаңшылық пен шыны зауытының құрылысы не болмақ? Sputnik Қазақстан тілшісі зерделеп көрді.

Қайткенде Сыр өзені толады?

Алашқа ана атанған аймақтағы ең өзекті мәселенің бірі – Сырдария өзенінің ахуалы. Сөздің шыны керек, Сыр өзені құритын болса, Қызылордадағы тіршілік тоқтайды. Онсыз да Арал мен Байқоңырдың салдарынан Қызылорданың экологиялық ахуалы нашар екені белгілі.

Еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы байқалғанын, Сырдарияның сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына тікелей байланысты екенін айтқан. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Сырдарияның жағдайы көбіне "Тоқтоғұл" су қоймасына судың жиналуымен айқындалады. Қазіргі таңда "Тоқтоғұл" су қоймасындағы судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 миллиард текше метрге кем. Бұл мәселенің біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі екенін білдіреді.

Сырдария ахуалы мен Аралдағы қуаңшылық: Әбдіқалықова өңірде не істеліп жатқанын айтты

Қызылорданың аграрлы, оның ішінде күрішті аймақ екенін жұрт жақсы біледі. Егер Сырдариядағы су мәселесі шешілмесе елдің ырысын арттырып отырған диқандар не істейді? Күріш екпейтін болса онсыз да топырағы тұзданып бара жатқан Қызылорданы қалай сақтаймыз? Елордада өткен брифингте Гүлшара Әбдіқалықова күріш егісін тоқтатуға болмайтынын, дәл қазір Сырдың топырағын тұздандырмай ұстап отырған осы дақыл екенін айтты.

"Топырақтың қатты тұздануына байланысты біз суармалы жерлерде басқа дақылдарды тек күріштің ауыспалы егісінде сәтті өсіре аламыз. Сондықтан күріш егісін қысқарта отырып, күріш өсірудің тиімділігін арттыруға жұмыс жасап жатырмыз. Биыл күріш егісін 89,5 мың гектардан 83,6 мың гектарға дейін қысқарттық. Су тапшылығына қарамастан өткен жылғы деңгейде 500 мың тонна өнім алдық. Алдағы уақытта егіс алқаптарын 80 мың гектарға дейін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, бұл ретте ылғал аз қажет ететін дақылдар – соя, жүгері, майлы және жем-шөптік дақылдар егістігін ұлғайтамыз. Сонымен қатар суландырудың ылғал үнемдеу технологияларын – аквагельдерді, жаңбырлатып суаруды, көшет әдісін енгізудеміз", – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі мемлекет басшысының жолдауына сәйкес жалпы көлемі 775 миллион текше метді құрайтын Қараөзек су қоймасының салынатынын жеткізді. Жаңа су қоймасы Сыр диқандарын 100 пайыз сумен қамти ала ма, ол жағы белгісіз. Бірақ Сырдария мәселесінің шырмауы шешілмей, түйіні тарқатылмай қалып отыр.

Аралдағы қуаңшылық

Аралдағы қуаңшылықты жұрт әлі ұмытқан жоқ. Қыс-көктем мезгілдерінде қар мен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты Арал ауданында қуаңшылық болды. Нәтижесінде наурыз-сәуір айында өңір шаруалары мал шығынына ұшырады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 500-ге тарта төрт түлік қырылған. Осыған орай төтенше жағдай жарияланып, Аралға көмек берілді.

"Құрғақшылық салдарынан Арал ауданында малдың жаппай қырылуы бізге елеулі сынақ болды. Суармалы судың жетіспеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Жедел шаралар нәтижесінде жағдай тұрақталды. Малшыларға көмек ретінде жем шөппен қамтамасыз етуге, сондай-ақ суат мәселесін шешуге, жайылымдарды, шабындықтарды суару және көл жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге 600 миллион теңге бөлінді", – деді Қызылорда облысының әкімі.

Шыны зауытының жыры қашан бітеді?

"Биыл құны 45 миллиард теңгені құрайтын, қолданысқа түскенде 500-ге жуық жұмыс орны ашылатын 4 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қызылорда қаласындағы шыны зауыты бар", – деді Гүлшара Әбдіқалықова брифингте.

Аймақ басшысы индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында құны 543 миллиард теңгеден асатын 46 инвестициялық  жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бұл өз кезегінде 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді екен.

2012 жылы салына бастаған шыны зауытының құрылысы созылып кетті. Жыл сайын "биыл шыны зауыты ашылады" делінгенмен құрылысы аяқталар емес.

Бұған дейін зауыт құрылысының 80 проценттен астамы аяқталғаны, енді қалғаны балқыту ваннасы мен пештің жабдықтарын орнату ғана қалды деген ақпарат тараған еді. Бүгінгі брифингте Гүлшара Әбдіқалықова әр сенбі сайын шыны зауытына арнайы барып, жұмысын бақылап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, балқыту ваннасы мен пештің құрылысы да аяқталған, яғни шыны зауытының 95 проценті бітіп тұр. Облыс әкімі шыны зауытын жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Осы жылдың тамыз айында индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев:

"Кем дегенде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Инвесторлармен бірлесіп шыны зауытының айналасында 2 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Барлық ілеспе өндірістің айналасында жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны ашылмақ", – деген болатын.

Қысқасы, түйткілді мәселенің түйіні тарқатылған секілді. Жұртшылық бұл зауытты басқа емес, дәл қазіргі әкім іске қосады деп сеніп отыр.