Енді үш жеңімпаз Қазақстан намысын халықаралық сұлулық байқауларында қорғайды. Ақтөбелік Назерке Қарманова "Әлем аруы" байқауына барады. Анна Глубоковская Қазақстан атынан "Жер жүзі аруы" байқауына қатысса, Айдана Ақантаева "Жаһан аруы" байқауында ел намысын қорғайды.
Биыл байқау жиырма бесінші рет өткізілді. "Қазақстан аруы" ұлттық байқауының президенті Алена Қырбасованың айтуынша, ұйымдастырушылар мерейтойға байланысты қатысушы қыздарға қуаныш сыйлағысы келген.
"Ширек ғасыр бір жоба үшін ауқымды уақыт. Қазір барлық елде жағдай мәз емес. Сондықтан осындай сәтте адамдарға көңіл-күй, қуаныш сыйлауға ұмтылу қажет. Себебі қуаныш ертеңгі күннен үміт үзбейге жетелейді. Енді Қазақстан атынан "Әлем аруы", "Жер жүзі аруы" және "Жаһан аруы" байқауына бүгінгі жеңімпаздар барады. Бұл біздің елімізде жағдайдың жақсарып жатқанын, тұрақтылыққа қадам жасап жатқанымызды көрсетеді. Мұның тиімді жақтары көп, алайда ең алдымен қыздар мен барша қазақстандыққа қуаныш сыйлағымыз келді", - дейді "Қазақстан аруы" ұлттық байқауының президенті.
Байқау нәтижесі бойынша "Әлем аруы" байқауына қатысатын Назерке Қарманова қазір банк саласында жұмыс істейді.
Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында өзінің жеңіске жетемін деп ойламағанын айтты.
"Толқып тұрмын. Ұтамын деген ой болмады, себебі барлық қатысушы мықты, қыздар арасында бәсекелестік жоғары болды. Қазір өте қуаныштымын, ең алдымен ата-анама алғысым шексіз", - дейді Назерке.
Толығырақ Sputnik Қазақстан фотолентасынан көріңіз.