Қоғам

Жиырма тоғыз ба, отыз бес пе: жастардың жас шегін анықтайтын бірыңғай шкала әзірленеді

Көптеген елде жастардың жоғары жас межесі 35 жасқа дейін көтеріліп жатыр. Біздің ел де бұдан қалыс қалмайды, деді президент
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қай жастағы адамдар жастар санатына жататынын анықтауды тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгінде жастардың жас шегін анықтайтын бірыңғай шкаланы әзірлеу өзекті мәселе. Көптеген елде жастардың жоғары жас межесі 35 жасқа дейін көтеріліп жатыр. Бұған некеге тұратындардың орташа жасы мен адамдардың оқу мен біліктілікті арттыруға жұмсайтын уақытының ұлғаюы себеп. Біздің ел де бұдан қалыс қалмайды", - деді Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында.

Президент қазір Қазақстанда бұл мәселеге қатысты бірыңғай әдіс-тәсіл жоқ екенін атап өтті.

Мәселен, оның айтуынша, бірқатар әлеуметтік бағдарламада, ұлттық статистикада және партиялық тізімдерді құрған кезде жастар қатарына 29 жасқа толмаған азаматтар жатқызылады. Ал Президенттік жастар кадр резерві мен жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру байқауына іріктеу кезінде 35 жасқа дейінгі адамдар қатысады.

"Осыған байланысты халықаралық тәжірибені жан жақты зерттеп, бұл тәжірибені бізге сәйкестендіріп, тиісті шешім қабылдау қажет", - деді Тоқаев.

16 қарашада астанада президенттің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Жиын барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы, кеңес мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері жөніндегі ұсыныстары талқыланды.

Оқи отырыңыз: