Қоғам

Тоқаев Алматыдағы трагедиядан кейін үкімет пен ұлттық банкке тапсырма берді

Президент қыркүйекте Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде бүкіл елді дүрліктірген трагедия болғанын еске салды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Егер қарыз алушының сатылған мүлігі негізгі борышты өтеуге жетпесе, оның қалған берешегі кешірілуі керек. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президент қыркүйекте Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде бүкіл елді дүрліктірген трагедия болғанын еске салды.

"Бұл еш себеппен ақтап алуға болмайтын қылмыс. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз. Мұнда барлық мәселе заңға қатаң бағына отырып шешіледі", - деді Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында.

Айтуынша, трагедия қарызын өтей алмай жүрген борышкерлердің проблемасын жүйелі түрде шешу керек екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың қазақстандықтың қарызды өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен, ал берешектің жалпы сомасы 354 миллиард теңгені құрайды.

"Қаржы секторына зиян келтірмей, қарыз алушыларды қолдау үшін сараланған шаралар қабылдау қажет. Екінші деңгейлі банктердің кепіл саясаты икемділігін қамтамасыз етіп, бағалау қызметін реттеуді күшейту керек. Қарыз алушыға кепілдегі мүлкін мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылғанға дейін үш ай ішінде өз бетінше сату құқығын беру керек...Егер қарыз алушының сатылған мүлігі негізгі борышты өтеуге жетпесе, қалған берешек есептен шығарылуға тиіс. Бірақ бұл үшін борышкердің басқа мүлкі болмауы керек және табысы ең төменгі айлық есептің көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет", - деді президент.

Сонымен қатар Тоқаев аукциондық сауда-саттықтың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету қажет екеніне тоқталды.

"Аукционға шығарылған кепілдегі мүлік бағалау құнының 70%-інен төмен бағаға сатылмауға тиіс. Мұндай сауда-саттыққа кепіл ұстаушыларды, яғни банктерді, олардың қызметкерлерін, үлестес және сенімді тұлғаларын жіберуге болмайды. Сауда-саттыққа борышкер мен жақын туысқандарының бір мезетте қатысуын болдырмау керек", - деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, ол бағалаушыға қойылатын талаптарды қатаңдату керек екенін атап өтті. Айтуынша, олардың жұмыс тәжірибесі үш жылдан кем болмауы керек. Сонымен қатар бағалаушылар әр үш жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуге тиіс.

Тоқаев үкімет пен ұлтттық банкке жыл соңына дейін тиісті заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуді тапсырды.