Дерекқор

Жүктілік кезінде бел неге ауырады

Әйелдердің көбінің жүктілік кезінде белі ауырады. Бұл ауыру қалыпты жағдай болуы да, сондай-ақ тез арада дәрігерге қаралуға себеп болуы да мүмкін. Сондықтан белдің ауыруының себептерін нақты анықтап алу керек
Sputnik

Жүктілік - әйел өміріндегі ең бақытты әрі сақ жүруді қажет ететін ерекше кезең. Сондықтан кез келген жайсыздық үлкен мазасыздыққа себепші болады. Ағза адамның дүниеге келуіне дайындалып, біршама өзгере бастайды. Ал бұл өз кезегінде болашақ ананың денсаулығына елеулі әсер етеді. Бел ауырса, не істеу керек?

"Мұндай шағым туындауының себебі көп екенін ескерсек, бел ауырған жағдайда дәрігермен кеңескен дұрыс. Жыныс мүшесінен қоңыр немесе қан аралас бөлініс шығуы, демалғаннан кейін де бәсеңдемейтін бел ауруы, дене қызуының көтерілуі, шап пен аяқтағы ауырсынудың үдеуі тез арада дәрігерге қаралуға себеп болады", - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор Виктор Тютюнник.

Жүктіліктің ерте мерзімінде бел неге ауырады

Көп адам жүктіліктің 10-12 аптасында өзгерістердің аз болатыны соншалық, ештеңе жайсыздық тудырмауы керек деп санайды. Іш әлі кішкентай болғандықтан, белге ауыртпалық түспеуі керек. Бірақ мұндай ой шынайы жағдайға сәйкес келе бермейді. Себебі жүктіліктің бірінші аптасынан бастап ағзада ішкі өзгерістер басталады, деп жазады kp.ru.

Бірінші триместр

Жүктіліктің алғашқы 12 аптасында бел ауыруының жиі кездесетін себептеріне мыналар жатады:

Бүйрек ауруы. Әсіресе жүкті әйелдерді цистит пен пиелонефрит мазалайды. Уролог немесе нефрологқа шұғыл жүгінуге белдегі ауырсыну, жиі зәр шығару, кіші дәретке барғанда ауырсыну, дене қызуының көтерілуі, қалтырау және әлсіздік себеп болады.

Жатырдың жоғарғы тонусы. Бұл белдің құрсауланып ауыруы, іштің кебуі арқылы байқалады. Жатырдың аздап жиырылуы ауру болып саналмайды. Себебі жатырдың ең күшті қабаты бұлшықеттен құралған. Алайда физикалық жүктемеден туындайтын қарапайым тонусты түсік тастау алдындағы симптомнан ажырата білу керек.

Қимыл-тірек аппараты ауруының асқынуы. Радикулит, остеохондроз, омыртқа жарығы — егер анамнез кезінде осы тектес проблема болса, онда олар жүктілік кезінде асқынуы әбден мүмкін. Алайда шамадан тыс мазасызданбаған жөн. Себебі дәрігер тиімді терапия тағайындау арқылы жағдайды оңтайландыра алады.

Гормонды өзгеріс. Жүктілік кезінде релаксин гормонының деңгейі біртіндеп арта береді де, бұл омыртқа буындары қозғалғыштығының артуына және сіңірлердің босауына алып келеді. Бұл жағдайда белдегі ауырсыну ұзақ серуен, ыңғайсыз жатып ұйықтағаннан немесе компьютер алдында ұзақ отырғаннан кейін пайда болады.

Жаңа түзілістер. Омыртқада қатерлі ісіктің пайда болуы ауырсыну және жайсыздық тудырады. Ағзада болып жатқан гормонды өзгерістер салдарынан жаңа түзілістер қарқынды түрде ұлғайып, ауру тудыруы мүмкін.

"Егер ерте жүктілік кезінде ауырсыну қарқыны артса немесе толғақ тәрізді сипатта болса, сондай-ақ қан аралас бөлініс пайда болса, онда тез арада дәрігерге қаралу керек. Осы тектес симптомдар жатырдан тыс жүктілік белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпау маңызды", - дейді акушер-гинеколог Виктор Тютюнник.

Жүктіліктің соңғы мерзімінде неге бел ауырады

Екінші және үшінші триместрде ана ағзасына түсетін жүктеме айтарлықтай артады да, бұл жайсыздық туындауына және созылмалы аурулардың асқынуына себеп болады.

Екінші триместр

Екінші триместр кезінде де белдегі ауырсыну бірінші триместрдегідей сипатта өтеді. Дегенмен, ішкі органдардың ығысуын ерекше атап өткен жөн. Өсіп жатқан нәрестеге ананың ішінде көбірек орын қажет болады да, бұл омыртқаға қосымша жүк түсіріп, ауырсыну тудыруы мүмкін.

"Іштің ұлғаюына байланысты ауырлық орталығы да орын ауыстырады. Сондықтан әйел тепе-теңдікті сақтау үшін иықты артқа қарай керіп, мойынын бүгуіне тура келеді және белге түсетін жүктемені арттыра түседі. Бұл жағдайда арқа бұлшықеттері үнемі тартылып тұрады, ол оның тонусы релаксин әсерінен бәсеңдейді. Осы жағдайда белдегі бұлшықет жүктемесі еселеніп, соның салдарынан ауырсыну пайда болады. Мұндай ауырсынулар физикалық жүктеме, ұзақ уақыт отыру немесе компьютерде жұмыс істеу секілді бір қалыпта ұзақ болу салдарынан күшейе түседі", - деді акушер-гинеколог Виктор Тютюнник.

Екінші триместрде бүйрек ауруының асқынуы да жиі кездеседі. Ішкі органдарға жүктеме артады, ағза зәр шығару инфекцияларына қатысты әлсіз болып, бұл көбіне пиелонефритке алып келеді. Сондықтан жүктіліктің соңғы мерзімінде зәр мен қан көрсеткіштерін жіті бақылауда ұстау керек.

Үшінші триместр

Жүктіліктің соңғы триместрі ең күрделі әрі ауыр болып саналады. Алайда кішкентай сәбиді жақын уақытта қолыма аламын деген үміт болашақ аналарға бұл ауыртпалыққа қарсы тұруға күш береді. Бұл уақытта белдегі ауырсынуға мыналар себеп болады:

Кальций жетіспеушілігі. Бала көп құнарлы зат пен дәруменді қажет ететіндіктен, болашақ ана дұрыс тамақтанбаса, онда оның ағзасында кальций жетіспеушілігі туындайды. Бұл өте қауіпті жағдай, себебі кальций жетіспеушілігі сүйектің жұмсаруына алып келуі мүмкін. Тиісті шара қабылданбаса, симфизит пайда болу қаупі жоғары.

Жалған толғақ. Іш қатайып, бел ауырып, сырқырай түседі. Ағза бала тууға дайындалып жатқандықтан, бұл қалыпты құбылыс болып саналады. Жалған толғақты шынайы толғақтан оңай ажыратуға болады: жалған толғақ кез келген уақытта, ретсіз туындайды әрі біркелкі болмайды.

Бүйректің шаншып ауыруы. Соңғы аптада бүйрекке үлкен жүк түседі. Ол тек пиелонефритке қана емес, сондай-ақ бүйректің шаншып ауыруына алып келуі мүмкін. Гормоналды өзгерістер салдарынан жүкті әйелдердің көбінде зат алмасу бұзылып, бүйректе тас пайда болады. Мұндай тас кез келген уақытта шығып, зәр шығу жолында тіреліп қалуы ықтимал.

Неврологиялық проблемалар. Ішкі органдарға орын жетіспей, олар бірін-бірі қысып, омыртқа бүгілуі айтарлықтай арта түседі. Мұның барлығы жүйкенің қысылып қалуына алып келуі мүмкін. Соның салдарынан бел мен жамбас бөлігінде ауырсыну туындайды.

Босану белгілері. 36-37 аптаға қарай сәбидің басы біртіндеп төмен қарай түсіп, босану процесіне дайындық басталады. Болашақ ананың жамбас сүйектері кеңейіп, бұл жайсыздық тудырады.

Жүктілік кезінде бел ауырса не істеу керек

Ең алдымен емдеуші дәрігермен кеңесу керек. Әдетте мына емдеу шараларына тағайындалады:

  • Кіші жамбасты ультрадыбысты тексеру;
  • қан талдауы;
  • несеп талдауы;
  • бүйректі ультрадыбысты тексеру.

Егер жаңа түзіліс пайда болғанына немесе омыртқада прблемаға қатысты күдік туындаса, дәрігер науқасты компьютер томографиясына жібереді.

Емдеу шарасы диагнозға байланысты болады. Мысалы, пиелонефритті әдетте антибиотиктермен емдейді. Бірақ ана мен бала үшін қауіпсіз препарат белгілеу қажет. Остеохондрозды емдеу үшін массаж бен арнайы жақпамайлар тағайындалады. Гипертонус құрамында магний бар препараттардың көмегімен емделеді.

Жүктілік кезінде белдегі ауырсынудың алдын алу

Белдегі ауырсынуды басуға көмектесетін профилактикалық шараларға мыналар жатады:

Дұрыс тамақтаныңыз. Мейлінше көп көкөніс пен жеміс, майлы емес ет пен балық жеңіз. Рационда міндетті түрде сүт өнімдері мен жармалар болуы керек. Морс, шырын ішіңіз. Жұмыс кезінде негізгі тамақтанулар арасында аздап жеңіл ас ішіп, тамақтану режимін ұстаныңыз.

Қолайлы киім мен аяқ киім киіңіз. Биік өкшелі аяқтан бас тартқан дұрыс. Себебі омыртқаға түскен жүктеме онсыз да аз емес.

Ауыр көтермеңіз. Бұл жатыр тонусын тудыруы мүмкін.

Босануға дейінгі бандаж тағу туралы дәрігермен кеңесіңіз. Жүкті әйелдердің көбі үшін бандаж тағу серуендеу, жұмыс істеу, ас әзірлеу, дүкен аралау сынды қалыпты тіршілікті біршама жеңілдетеді.

Белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Гимнастика, йогамен айналысыңыз, бассейнге барып, таза ауада жиі серуендеңіз.

Жүкті әйелдерге арналған жастық сатып алыңыз немесе ыңғайлы мартас қолданыңыз. Ұйқы кезінде жайлылыққа баса мән беріңіз.

Жиі қойылатын сұрақтардың жауабы

Жиі қойылатын сауалдарға Еуропа медицина орталығының акушер-гинекологы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Виктор Тютюнник жауап береді.

Бел мен іштің төменгі жағының бір уақытта ауыруына не себеп?

Жүктіліктің ерте мерзімінде жатыр тонусы осы тектес ауырсынуға себеп болады. Үшінші триместрде "жалған толғақ" немесе Брэкстон-Хикс толғақтары пайда болады. Мұндай толғаққа бел мен арқадағы төмен қарай тартатын созылмалы ауырсыну тән. Әдетте оның ұзақтығы бір минуттан аспайды және ол ағзаның бала босануға дайындығын білдіреді. Егер толғақ аралығы азайып, оның қарқыны үдесе, онда бұл табиғи бала босану процесінің немесе 37 аптаға дейінгі мерзімнен бұрын босанудың белгісі болады.

Жүрген кезде белдің ауыруының себебі не?

Егер болашақ ана анамнезінде омыртқаның созылмалы ауруы (протрузия, сколиоз, омыртқа жарығы) бар болса, онда жүру, фзикалық жүктеме, денені бұру немесе бүгу кезінде белдің ауыруы артады. Жүктілік кезінде созылмалы аурулар асқынады. Оған жатырдағы шақалақтың салмағы мен бойының өсуі де себеп болады.

Жатқан кезде белдің ауыруының себебі не?

Екінші триместрде іштің үлкеюіне байланысты ауырлық ортасы орын ауыстырады. Әйел адам тепе-теңдікті ұстап тұруы үшін иығын артқа тартып, мойнын бүгіп, қалыпты бел иілуін арттырып жүруі керек болады. Осы жағдайда белдегі бұлшықет үнемі тырысып, оған күш түседі де, ал релаксин салдарынан оның тонусы бәсеңдейді.

Сондықтан белдегі жүктеме артып, оның ауыруы артады. Мұндай ауырсыну физикалық жаттығу, бір күйде ұзақ уақыт отырудан кейін ұлғая түседі. Бел ауыруына омыртқаға түсетін жүктеме, созылмалы аурулардың асқынуы, жалған толғақ себеп болуы мүмкін. Алайда ең алдымен бүйрекке мән беру керек. Себебі адам жатқан кезде бүйрекке түсетін жүктеме де артады.