НҰР-СҰЛТАН, 16 қараша – Sputnik. Алматыда автобус терезелерін сындырған жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, автокәсіпорын басшысы Алматы қаласы Алатау ауданының полиция басқармасына бұзақылық әрекеттер жасағаны туралы арызбен жүгінген. Оның айтуынша, бір ай ішінде белгісіз біреулер 25-ші бағыттағы бес қоғамдық көліктің терезелерін сындырған.
"Тексеру іс-шаралары барысында бұзақылар анықталды. Олар қала мектептерінің бірінің 7-9-сынып оқушылары болып шықты. Біздің ауданда тұрады. Олардың ата-аналары балалардың заңсыз әрекеттері үшін Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 435 бабы - кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық бойынша жауапқа тартылды. Бұл баптың санкциясы 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды қарастырады", - деп хабарлады, Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.
Сонымен қатар, балалар ювеналды полицияның есебіне қойылды. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндірме әңгіме жүргізілді.
"Мені Алатау ауданының полиция басқармасына шақырды. Біздің автобустардың әйнегін сындырған бұзақылар ұсталды. Полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді", - деп нақтылады өз кезегінде, автокөлік компаниясының өкілі.