Фото

Әлем елдерінің ерекше әскери киімдері – фото

Sputnik

Әр елдің егемендігін екшелеп, тәуелсіздік тұғырын айқындайтын нышандар бар. Олардың қатарында ең алдымен мемлекеттік ту, елтаңба, әнұран тұр. Сонымен қатар мемлекеттің дербестігін, күш-қуатын айғақтайтын қорғаныс саласының бет-бейнесі де назар аудартады.

Әйтсе де батылдық бен айбатты айшықтай түсуі тиіс бұл салада да бір қарағанда көзге түсетін, кейді күлкілі, кейде таңғалдыра алатын әскери киімдер де кездеседі.

Әлем елдерінің ең ерекше әрі қызықты әскери киім үлгілерін тамашалауды ұсынамыз. Суреттер топтамасын қараңыз!

1 / 10
Эвзондар — Белгісіз солдат бейітін және Афинадағы президент сарайында салтанатты күзет жүргізетін президенттік гвардия. Бұл ХІХ ғасырдың басындағы Грекияның тәуелсіздігі үшін жүрген соғыс кезінде жеңіл жаяу әскер ретінде пайда болған грек армиясының элиталық жаяу әскер бөлімшесі. 1833 жылдан бастап олар тұрақты армияның құрамына енді, 1940 жылдан бастап жеңіл жаяу әскер құрамында және король гвардиясында қызмет етті. Эвзондардың 1833 жылы мақұлданған алғашқы киім үлгісінде бавариялық стиль қолданылған. 1837 жылы барлық бөлімшелерге арналған жаңа бірыңғай киім үлгісі әзірленді. 1867 жылы ол ресми киім үлгісі ретінде бекітілді.
2 / 10
Исламабадтағы әскери шеру кезіндегі пәкістандық рейнджерлер. Рейнджерлер – Пәкістан ішкі істер министрінің жетекшілігімен әрекет ететін әскерилендірілген құқық қорғау органдары. Олардың негізгі мақсаты – Үндістанмен арадағы шекара сияқты маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алайда олар әдетте Пәкістанның қарулы күштерімен бірге ішкі қауіпсіздік операцияларына да қатысады және муниципалды және провинциялық полиция қызметкерлеріне көмек көрсетеді.
3 / 10
Альпі мергендері - француз армиясындағы элиталы тау мергендері. Олар таудағы соғыс пен қаладағы шайқастарға бейімделген. Негізі 1888 жылы құрылған. 1999 жылдан бастап альпі мергендерінің барлығы үш батальон көлемінде 27-ші таулы жаяу әскер бригадасының құрамына енді. Үш батальон да француздардың Альпі тауларында орналасқан. Осы әскерилердің сары "тұмсықты" ақ берет киюі негізгі ерекшелігіне айналды. Тұрақты әскер құрамында бас киімнің бұл түрін кию алғаш рет тіркелді.
4 / 10
Абиджандағы президент сарайы маңындағы Кот-д'Ивуар сарбаздарының шеруі. Республика өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өз тәуелсіздігін алғанына қарамастан елдегі саяси жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Сондықтан қарулы күштер қоғамды тұрақтандырудың басты факторы болып қалды. Әскерилердің киім үлгісі әскер түрлері қолданатын эмблемалар мен түстер тек климаттық ерекшеліктерге ғана емес, сонымен бірге елдің отарлық тарихына да байланысты түзілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін Кот-д'Ивуар армиясында құрлықтағы күштердің барлық әскери қызметшілері үшін ашық көк (көгілдір) түс мақұлданды. Олардың берет пен погондарды да осы түсті бұйымнан дайындалады. Ал армия генералдары төбесінде Қарулы Күштердің эмблемасы бар фуражка киеді.
5 / 10
Лахор маңындағы Вагах-Аттари шекара өткелінде күн сайынғы туды түсіру рәсімі кезіндегі қоңыр әскери киім киген үнді шекарашылары және қара әскери киім киген пәкістандық рейнджерлер.
6 / 10
Бангкоктағы Үлкен сарай алдындағы король гвардиясының шеруі. Таиландтағы король гвардиясы билеуші сарайындағы қарғаларды үркітуге арналған арнайы қызмет ретінде пайда болған. Бүгінде тай сақшылары жыл сайын туристік шоу өткізіп, елдің әскери дәстүрінің маңызды бөлігіне айналған. 1859 жылы король гвардиясының алғашқы сарбаздары монархтың тыныштығын күзетіп, жақын маңдағы құстарды қуумен айналысқан. Бірақ 1870 жылы сарбаздар корольдің жеке қорғаушысы ретінде қызметке кірісіп, оны ел ішіндегі және шетелдегі барлық сапар кезінде күзетіп жүрді. Қызғылт биік бас киім мен ақ мундир киген сарбаздар Таиланд королінің жеке сақшылары болып саналады.
7 / 10
Нью-Делидегі шеру кезіндегі Үндістан шекара күштерінің түйе патрулі. Шекара қауіпсіздік күштерінің түйе кавалериясының батальоны үнділердің барлық шеруіне міндетті түрде қатысады.
8 / 10
Париждегі Келісім алаңында жыл сайын өтетін әскери шеруге қатысқан маорилер. Дәстүрлі киім киген, қолдарына найза ұстап, беттеріне тату салған жаңа зеландиялық маори жауынгерлері бұл әскери шарада көптің көзайымына айналды. Олар Бірінші дүниежүзілік соғыс шайқастарының бірі - Сомма шайқасының аяқталуына арналған мерейтойға арнайы шақырылды.
9 / 10
Оңтүстік Корея сарбаздары Сеулде өтетін Қарулы күштер күнінің 60 жылдығына орай шеруге дайындалып жатыр. Оңтүстік Корея қорғаныс саласындағы бюджеті ең ауқымды елдердің бірі саналады. Бүгінде бұл көрсеткіш 43 миллиард долларды құрап отыр. Ал сарбаздардың киім үлгісіне жақсылап үңілсек, онда осы жылы танымал болған "Кальмар ойыны" фильмінің авторларына не шабыт бергенін түсінуге болады.
10 / 10
Француз шетелдік легионының пионерлері Париждегі Елисей алаңында жыл сайынғы Бастилияны алу күніне арналған әскери шеруге қатысып жатыр. Салтанатты шеру кезінде пионерлер Шетел легионының әскерлерінің саппен жүрісін бастап келеді. Легионның пионерлері сақал қойған, буйвол терісінен жасалған алжапқыш киіп, иықтарында жылтыр балта асынған. Бұл француз армиясындағы осы тектес жалғыз бөлімше. Француз шетелдік легионы 1831 жылы пионер әскерін қатарға қабылдады. Бастапқыда Алжирдің жүру қиын аймақтарында қызмет еткен Легион пионерлері бүгінгі күнге дейін сол дәстүрдің символы ретінде таныстырылып келеді.