Қоғам

Сот Елжан Біртановты үйқамақта ұстау мерзімін ұзартты

Экс-министр сотта елден қашпайтынын және өзінің еш кінәсі жоқтығын дәлелдейтінін жеткізді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үйқамақ мерзімі тағы 2 айға созылды, деп хабарлады "Хабар 24".

Сот күдіктінің өтінішін елемей, осындай шешім қабылдады. Біртанов болса, өзінің кінәлі емес екенін, кінәсін дәлелдейтін деректердің жоқ екендігін алға тартты. Сондай-ақ экс-министр елден қашпайтынын және өзінің еш кінәсі жоқтығын дәлелдейтінін жеткізді. Онымен қоса жауапты органдар бұл істе қарастырылып жатқан материалдарды қорғаушыларға бермей жатқанын мәлімдеді. Соның салдарынан жауап беруші тарап тағылып жатқан айыптың мән-жайын зерттей алмай жатқанын айтты.  

"Бұл істің қылмыстық құрамы жоқ. Қызметімді асыра пайдаланғанымды дәлелдейтін деректер де жоқ. Мен мемлекетке ешқандай залал келтірген жоқпын. Ақпараттық платоформа келісімге сәйкес қолданысқа алынды. Ол жұмыс істейді. Осы орайда мені үйде қамау туралы шешімді жоюды талап етемін. Сондай-ақ бұл іске қатысты барлық материалды бізге беруді сұраймыз. Біз де оларды зерттегіміз келеді", - деді Елжан Біртанов.

Біртановқа қандай айып тағылды

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті (бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды). Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы қарашаның басында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды, ол әлі күнге дейін қамауда отыр. Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" деп өзгертілді.

Оқи отырыңыз: Біртанов: мен бұл күдікпен де келіспеймін 

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Нұр-Сұлтанға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдікке ілінді.