НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімдігінің белгілі бір жабдықтаушыға артықшылық беруге және ваучер үлестіруге мүмкіндігі жоқ. Тегін үйірмелер мен секциялардағы орындардың әділ бөлінетіндігіне күмән келтірген балалар омбудсмені Аружан Саинның шағымына елорда әкімдігі осылай жауап берді.
Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдар ұсынатын операторлар мәдениет және спорт министрлігі бекіткен ережелер аясында жобаны платформа арқылы жүзеге асыру жұмыстарын жүргізеді.
"Әкімдік ұсынатын оператордың белгілі бір жабдықтаушыға артықшылық беріп, ваучер таратуға мүмкіндігі жоқ. Платформаның жұмыс қағидаты бойынша баланың заңды өкілі жабдықтаушыны өз бетінше таңдайды", - делінген қала әкімшілігінің жауабында.
Сондай-ақ олар жүйеде операторлардың жұмысын қиындататын бірқатар проблема бар екенін атап өтті, атап айтқанда:
- операторға кезекке тұру күні мен уақытын анықтай отырып, ата-аналар үшін баламалы шарттарды ұсыну мақсатында электронды кезек жүргізу мүмкіндігі берілмеген;
- порталда бөлінген қаражат шегінде ваучерлер беру тетігі реттелмеген:
- жабдықтаушылар тарапынан заң бұзушылық фактілері тіркелетіндіктен, порталды балаларды сәйкестендіруге және сабаққа қатысуды цифрлық бақылауға мүмкіндік беретін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау қажет.
"Әкімдік мәдениет және спорт министрлігіне барлық проблема туралы хат жолдап, оларды жою жөнінде ұсыныстар берді", - деп хабарлады елорда әкімдігі.
Қала әкімшілігінің мәліметінше, елордада спорт үйірмелеріне тегін қатысатын балалардың саны мыңнан 17 мыңға дейін өскен.
Бұған дейін Аружан Саин елорда әкімдігі тегін үйірмелер мен секцияларды тарату процедурасын ашық өткізбейді, "өз адамдарына" басымдық береді деп мәлімдеген болатын. Балалар омбудсмені ата-аналардың таңдаулы тобы қысқа мерзімде Болмановтар отбасы мектебіне өтініш бергенін атап өтті. Саин республиканың уәкілетті органдарынан процедураның қаншалықты шынайы екенін тексеруді сұрады.
Ваучер деген не?
Ваучер – тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын растама құжат. Мәселен, әуе тасымалында ұшақ билетінің қайтарылатын сомасын сақтайтын электронды құжатты ваучер деп атайды. Ваучер берілсе, билет ақшасын қолма-қол алу немесе төлем картасына қайтару мүмкін емес. Әуе компаниясы берген ваучер арқылы билет алуға, әуе компаниясының басқа да қызметтерін пайдалануға болады.