Видео

Сауда орталықтарына "жасыл" статус алғандарды ғана кіргізу заңға қайшы ма – видео

Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес 15 қарашадан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарына жұмыс және демалыс күндері тек "жасыл" статус алған адамдар ғана кіре алады
Sputnik

Бұған дейін де көтерілген бұл шешімді қазақстандықтар "адам құқығын шектеу" деп атаған еді. Осы тақырып төңірегінде заңгер Айыпхан Мұхамадиев пікір білдірді

"Жағдайға қарапайым азамат ретінде қарасақ, астана мен Алматыда таңертең және кешке қоғамдық көлік лық толы болады. Тіпті автобус есігі әрең жабылады. Дәл сол жерде карантин талабын, медициналық бетперде талап етіп жатқан мемлекеттік органды көрмейміз. Ал кез келген сауда және ойын-сауық орталығына барып көрсеңіз, іші кең. Адамдар арнайы болмаса да, арақашықтық сақтайды. Ал қаулыға келсек, бұл адамдарды сауда орындарына кіргізбеу арқылы вакцина салуға мәжбүрлеп отыр", - дейді заңгер.

Маман жаңа қаулы қазақстандықтардың құқығын шектеп отыр деп санайды.

"Конституция бойынша бәрінің құқығы бірдей десек, қаулыда тек вакцина салдырған адам ғана сауда және ойын-сауық орталығына кіре алады делінген. Конституцияда "адам және азамат" деген тарау бар, ол жерде адамның барлық құқығы көрсетілген", - дейді ол.

Оқи отырыңыз: Елордада сауда орталықтарына "жасыл" статус алғандар ғана кіреді – жаңа қаулы 

Конституцияның 39-бабында "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары халықтың денсаулығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" делінген. Демек, мұндай заңды тек парламент қабылдай алады.

"...Бұл қаулы Конституцияға қарсы болып отыр. (...) Құқықты шектеуді ауқымды түрде зерттеу керек. Оның экономикалық, әлеуметтік салдары, халықтың денсаулығына қалай әсер ететіні зерттелуі қажет. Конституцияға қарсы деп отыра алмаймыз. Бізде құқықтық актілер туралы заң бар. Соның 10-бабында әрбір заңның орны көрсетілген. Конституция ең жоғарғы заң болғандықтан, бұл қаулы қабылданған уақыттан бастап заңсыз болады да, қолданылмайды. Себебі бұл Конституцияға қарсы", - дейді заңгер Айыпхан Мұхамадиев.

Толығырақ Sputnik Қазақстан видеосынан көріңіз.