АЛМАТЫ, 12 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі хатшылығының жаңа кеңсесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қасым-Жомарт Тоқаев шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан президенттерімен және Мажарстан премьер-министрімен бірге қатысты.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін мемлекет басшылары Түркі Кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Ыстанбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралына бет алды.
Саммит Нұр-Сұлтан уақытымен 17:30-да басталады.
Айта кетері, 11 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік жұмыс сапарымен Ыстанбұл қаласына барды.
Бұған дейін саммит барысында сауда, цифрландыру, жасыл технологиялар және басқа да өзекті бағыттарды дамыту мәселелері жан-жақты талқыланып, Түркі кеңесі аясында көпжоспарлы өзара ықпалдастықты нығайтудың перспективалары қарастырылатыны хабарланды.