Әлем

Қазақстан ҰҚШҰ Жастар мектебіне қатысты

Тоғыз мемлекеттің өкілдері еуразиялық қауіпсіздік пен халықты төтенше жағдайлардан қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша — Sputnik. Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс академиясында ҰҚШҰ IV Халықаралық Жастар мектебі өтті.

Шараға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер, Сербия, Моңғолия мен Вьетнамдағы 20-дан астам жоғарғы оқу орнының 400-ге жуық студенті, курсанты, магистранты мен оқытушылары қатысты, деп хабарлады ҰҚШҰ баспасөз қызметі.

Осы шараға Қазақстан атынан ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары Самат Ордабаев, Ресей ТЖМ басшылығы тарапынан генерал-полковник Павел Барышев және тағы басқалар қатысты.

Баяндамашылар Ауғанстандағы терроризм, Таулы Қарабақтағы қақтығыс, Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі жағдайдың тұрақсыздануы кезіндегі гуманитарлық ынтымақтастық, кибертерроризм, интернет кеңістігіндегі экстремизм, интернеттегі есірткі заттарының саудасы, шетелдік агенттердің ҰҚШҰ мемлекеттері жастарына ықпалы тақырыптарындағы проблемаларды талқылады.

Шара соңында қорытынды резолюция қабылданды, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге арналған ҰҚШҰ Университет лигасының ғылыми және білім беру мекемелерінің интеграцияланған цифрлық платформасын құру туралы шешім қабылданды.

ҰҚШҰ Халықаралық Жастар мектебі – ҰҚШҰ Хатшылығы мен Еуразия елдері оқу орындарының жобасы. Ол Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында жастар ынтымақтастығын дамытуға бағытталған.

Алғашқы ҰҚШҰ Халықаралық Жастар мектебі 2017 жылы Белградта өткен болатын.