НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Павлодар облысында мәдениет үйінің қызметкері ауылдың үздік келіншегі атанған әйелді соққыға жықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қозыкеткен ауылында жыл сайын "Ауыл әйелдері күні" аталып өтеді. Соның аясында тұрғындар үздік келіншекті таңдайды. Осы жолы да қатысушылар байқауды асыға күткен. Дауыс берудің нәтижесінде анықталған жеңімпазға грамота және бас жүлде – бір тонна көмірдің сертификаты табысталды.
Дегенмен, конкурс нәтижесімен келіспеген адамдар да табылыпты. Ауыл әйелдерінің біреуі онсыз да сол келіншекті жақтырмай жүрген екен. Ал конкурс жеңімпазы болғаннан кейін оның жетістігіне қызғанышпен қарап, конкурс қорытындысына көнгісі келмеген.
"Мәдениет үйінде мерекелік дастархан ұйымдастырылған. Сол жерде ол бірталай ішімдік ішіп, жеңімпаздан өшін алуға бел буады. Сөйтіп, түн ортасында ауыл аралап кеткен. Бұл уақытта жеңімпаз келіншек құрбысының үйінде отырған. Оны тауып алып, бөтен үйге кіреді де, конкурс жеңімпазын соққыға жықты. Айқай-шу басталып, үйде шырт ұйқыда жатқан кішкентай балалар оянып, қатты қорқып кеткен", - дейді полицейлер.
Бірақ долы әйел тынышталған жоқ. Үй иесінің жалынғанына қарамай, оны да соққыға жықты. Ал жәбір көргендер бірден полицияға арызданбаған. Себебі ауылда бәрі ол әйелден қорқады.
Медициналық сараптама кезінде екі әйелдің соққыға жығылғаны расталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы, 1-бөлігі (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша хаттама рәсімделіп, төбелес шығарған әйелге 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) көлемінде айыппұл салынды.