Денсаулық

Нұр-Сұлтанға Pfizer вакцинасы жеткізілді

Pfizer вакцинасы тек жүкті және бала емізетін әйелдерге, 12 мен 17 жас аралығындағы балаларға егіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Нұр-Сұлтанға Pfizer вакцинасының 35 мың дозасы жеткізілді. Препарат мұздатқыш камераларына орналастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.  

Вакцинаның алғашқы партиясы медициналық ұйымдардың вакцинация пунктері мен мектептердің медициналық пунктеріне бөлінеді.

Нұр-Сұлтанға Pfizer вакцинасы жеткізілді

"Бұған дейін біз вакциналауды БМСК ұйымдарында ғана жүргізуді жоспарладық, бірақ ыңғайлы болу үшін жасөспірімдерге білім мекемелеріндегі медициналық пунктерде екпе салу мүмкіндігі қарастырылды. Медицина қызметкерлері арнайы оқытудан өтті, барлық ұсынымнан хабардар. Сондықтан осы санаттағы адамдарды қауіпсіз вакциналауға кірісуге дайынбыз", - деді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Вакцина егу кабинеттеріне арнайы термоконтейнерлермен жеткізіледі. Әрбір егу пункті ұйымға тіркелген халықты ескере отырып, дозаны аз мөлшерде алады.

Рүстемова Pfizer вакцинасы тек 16-дан 37 аптаға дейінгі жүкті әйелдерге, бала емізетін аналар мен лактация кезеңіндегі әйелдерге, сондай-ақ 12 мен 17 жас аралығындағы балаларға салынатынын атап өтті.

Нұр-Сұлтанға Pfizer вакцинасы жеткізілді

"Қала тұрғындарының көбі Pfizer-ді күтті. Бірақ бұл вакцинаны бәріне егу мүмкін емес. Тек халықтың тиісті бөлігіне ғана арналған", - деді ол.

Қазіргі уақытта елордада Pfizer вакцинасын алуға болатын 5 мың жүкті және 28 мың бала емізетін әйел, 63 мың бала бар.

Қалада барлығы 90-нан астам вакцинация пункті бар, бірақ Pfizer вакцинасы тек медициналық ұйымдар мен білім мекемелерінің медициналық пунктерінде егіледі.

Оқи отырыңыз: