НҰР-СҰЛТАН, 12 қараша – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі ревакцинациядан кейін Ashyq-тағы "жасыл" статустың мерзімін ұзартады. Бұл туралы ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол қазіргі ереже бойынша вакцинаның екі дозасын алған адамдарда бір жыл бойы "жасыл" статус болатынын атап өтті. Ал ревакцинация кезінде статус мерзімі ұзартылуы мүмкін.
"Қайта вакцина алатындар үшін "жасыл" статус мерзімін созу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Оның ұзартылатыны түсінікті, әрине. Бізге тек "жасыл" статустың қанша мерзімге ұзартылатынын анықтау қажет", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ ол әлемде вакцинадан кейін иммунитеттің қанша уақыт сақталатыны жайлы деректер жеткіліксіз екенін атап өтті.
"Ревакцинацияның өзі иммунитеттің біз ойлағандай ұзаққа созылмайтынын дәлелдеп отыр. Яғни, екі жылға жетпейтіні анық", - деді министрлік өкілі.
Осы орайда БАҚ өкілдері қазақстандықтар коронавирусқа қарсы вакцинаны жыл сайын салдыра ма деген сұрақ қойды.
Есмағамбетованың айтуынша, әзірге денсаулық сақтау министрлігі мұндай мәселені қарастырып жатқан жоқ.
Оқи отырыңыз: