Өңірлер

Алматыда сауда орындарына "жасыл" статус алғандар ғана кіре ме – Бекшин жауап берді

Алматының бас санитар дәрігері ең алдымен Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылайтынын жеткізді
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 қараша – Sputnik. Алматыда қазір сауда орындарына жұмыс күндері "жасыл" статусы бар адамдар ғана кіреді деген талап жоқ, алайда қала дәрігерлері Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылайды. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Айта кетері, Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес 15 қарашадан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарына жұмыс және демалыс күндері тек "жасыл" статус алған адамдар ғана кіре алады.

Алматының бас санитар дәрігері ең алдымен Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдайды бақылайтынын жеткізді.

"Нұр-Сұлтанда осындай қаулы шықты. Бұл ұзақ уақыт талқыланды. Сауда және ойын-сауық орталығына тек "жасыл" статусы бар адамдарды кіргізуді пилоттық шешім деп атауға болады. Егер ол жақсы нәтиже көрсетсе, әрине әрі қарай елдің басқа өңірлерінде де енгізіледі. Бірнеше апта бақылаймыз", - деп жауап берді Бекшин.

Айта кетері, қазір Алматыда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып жатыр. Қала қазір коронавирустың таралуы бойынша "сары" аймақта тұр. Қалада ұжымдық иммунитет 56%-ті құрайды.

Бүгін қалада Pfizer вакцинасын салу басталды, ал ревакцинация 22 қарашада басталады.

Өткен аптада инфекция анықталған науқастардың 29%-і сауда орындарында, 21% қоғамдық көлікте, 22%-і отбасыда, 9%-і базарда, 9%-і жұмыс орнында жұқтырған.

Оқи отырыңыз: