Білім

Аймағамбетов ғылым саласында енгізілген өзгерістерді атады

Мемлекет басшысы жылдың соңына дейін "Ғылым туралы" заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 11 қараша – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ғылым саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, қазанның соңында үкімет қаулысымен үш негізгі нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми кеңестер туралы ереже, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидалары және базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидалары бар.

"Енді 12 айдан астам мерзімге гранттық қаржыландыру алатын жобалар бойынша аралық есептер тапсырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік стандарттың бюрократиялық нормалары бойынша бірнеше рет енгізілетін түзетулерді ескеріп, бұрын-соңды жоба жетекшілеріне жыл сайын қазан-қараша айларында гранттық қаржыландыру бойынша аралық есептерді тапсыру үшін төрт апта қажет болатын. Ендігі кезекте 40 беттен тұратын есеп жазып, тапсырмай-ақ жоба туралы қысқаша мәліметі бар сауалнаманы толтыруға жарты сағат жеткілікті", - деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Сондай-ақ конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімі 145 жұмыс күнінен 92-ге дейін қысқартылды.

Хабарландыру шыққаннан бастап шешім қабылдауға дейінгі аралық қоса есептеледі.

Конкурстық өтінімдерге қосымшалардың саны 12-ден 5-ке дейін азайтылды. Ендігі кезекте қосымшалардың санын бірге дейін қысқарту жоспарланған.

Егер өтінім берген кезде форс-мажор болса, онда үш күннің ішінде барлығын дерлік өзгертуге болады.

Ұлттық ғылыми кеңес құрылады

Министрдің сөзінше, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жеке Ұлттық ғылыми кеңес құрылады. Оның құрамына негізінен экономиканың нақты секторы мен венчурлік бизнестің өкілдері, маркетологтар, тәуекел-менеджерлер, ірі инвестициялық жобалардың қатысушылары, қаржы сарапшылары кіреді.

"Ұлттық ғылыми кеңес мүшелерінің Әдеп кодексі бекітілді. Оны бұзу кеңестен шығарып жіберуге негіз болады", - деді министр.

Ұлттық ғылыми кеңес құрамындағы ғалымдардың саны көп болады, яғни 50%-тен астамы ғалымдардан құралады. Бұрын ереже бойынша Ұлттық ғылыми кеңес құрамында мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері көп болған.

"Ғалымдарға елеулі қаржылық еркіндік беріліп отыр. Осылайша, жобаға бөлінген қаражат үнемделген және (немесе) пайдаланылмай қалған жағдайда ғылыми жетекші оны жалақыға, өзге де қызметтер мен жұмыстарға, материалдар мен жабдық сатып алуға, жалға алуға, техниканы пайдалану шығыстарына дербес қайта бөлуге құқылы. Бұған дейін ғалымдар әрбір ұсақ-түйек үшін Ұлттық ғылыми кеңеске жүгінуге мәжбүр болатын", - деді ол.

Аталған маңызды түзетулер топтамасы қабылданып, күшіне ене бастады.

"Ғылым комитетіне процестердің басым бөлігін электрондық форматқа көшіру және барлық процесс пен мемлекеттік қызметтердің толық реинжинирингін жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ рәсімдер мерзімін азайтуға бағытталған тағы бір өзгеріс топтамасын әзірленіп, енгізіледі", - деді білім және ғылым министрі.

Айта кетері, мемлекет басшысы жылдың соңына дейін "Ғылым туралы" заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған. Оның ішінде ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыруға қосу, іргелі зерттеулермен айналысатын ғылыми институттарды тікелей қаржыландыру тетігін енгізу, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту, Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдері бойынша апелляция институтын құру тапсырылды.