СЕМЕЙ, 10 қараша – Sputnik. Федор Достоевскийдің Ресей аумағынан тыс жалғыз музейі Семейде орналасқан. Мұнда бүкіл әлемге танымал орыс классигі Омбыдағы каторгадан кейін төрт жылға жер аударылды.
Жазушы тұрған үйдегі шағын кітапхана уақыт өте келе үлкен музейге айналды.
Қазір бұл үлкен кешен, ішінде Достоевский өзінің бірінші әйелімен тұрған үй, жазушының өмірі туралы баяндайтын экспозициялар бар заманауи ғимарат пен Федор Достоевский және Шоқан Уәлиханов арасындағы достықты паш ететін ескерткіш бар.
Ұлы классиктің мерейтойы қарсаңында Sputnik Қазақстан тілшісі Семей өңірінде болып, музей қызметкерлерімен сұхбаттасып қайтты.
Достоевский Қазақстанға қалай келді
Достоевский Семейде 5 жыл 4 ай өмір сүрді. Бұл қалаға классик жер аударылғанымен оның еркіндікте өмір сүру, түрлі адамдармен танысу, ең бастысы жазу мүмкіндігі оған үміт сыйлады.
Алғашқы уақытта Достоевский қатардағы жауынгер ретінде қызмет етті. Ол Семей бекінісі алаңында сағаттап тұрды. Біраз уақыт өткеннен кейін Федор Михайлович офицер лауазымын алып, содан кейін ол өзінің сүйіктісі Мария Исаеваға үйлену құқығына ие болады.
Достоевский музейі қашан ашылды
Семейдегі Федор Достоевский атындағы музей 1971 жылы 7 мамырда Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысы негізінде құрылды. 1838 жылы негізі қаланған бір жарым қабатты ағаш үй (пошташы Лепухиннің бұрынғы үйі, онда Ф.М.Достоевский 1857-1859 жылдар аралығында пәтер жалдап тұрған) музейдің негізіне айналды.
1965 жылдың қазанында Қалалық атқару комитетінің шешімімен Достоевский көшесі, 118 мекенжайдағы үйдің төменгі қабаты тұрғындардан босатылды. Мұнда бір жылдан кейін жазушының есімі берілген қалалық кітапхана ашылды.
Кітапхана меңгерушісі, кейін музей-үйдің бірінші директоры Зинаида Фурцева музейдің негізін қалады. Ол музей экспозициясын толықтыру үшін белгілі жазушылармен, зерттеушілермен, кітапханалармен және кітап дүкендерімен белсенді түрде хат алмасып отырды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен ұлы жазушының өміріне қатысты кітаптар, картиналар және басқа да заттар музей қорына түсе бастады.
Бүгінде музейдің басты экспонаты – Достоевскийдің қолтаңбасы, ал бұл үйдің өзі әлем классигінің қуатын бойына сіңіріп тұрғандай. Жазушының шығармашылығына табынушылар әлемнің әр алуан бұрышынан келіп, Достоевский өмір сүрген үйді тамашалайды.
"Бізге ғаламшардың түкпір-түкпірінен - Ресейден, Түркиядан, Жапониядан, тіпті Аргентинадан да қонақтар келді. Егде жастағы бір ер адам біздің музейді тамашалау үшін ұзақ жол жүріп келген. Экскурсия кезінде белгілі болғандай, ол жас шағында Ресейдегі жастар фестивалінде болып, Достоевскийдің шығармашылығына ерекше тәнті болған. Ұлы жазушыға тағзым ету үшін 70 жастағы физик біздің музейге Аргентинадан арнайы келген", - деді Семейдегі музей-мемориалды кешенінің директоры Ирина Соловьева.
Достоевский музейінде не тамашалауға болады
Музейдің шағын екеніне қарамастан жазушы шығармашылығын бағалайтындар арасында танымал. Жыл сайын мұнда он мыңдаған адам келеді.
Негізінен залда жазушының өмірбаянына арналған бірнеше экспозиция қойылған. Олар Федор Михайловичтің дүниеге келуінен бастап оның өмірінің соңғы жылдары және мұрасын қамтиды. Тәжірибелі экскурсия жетекшілері музей қонақтарының сұрақтарына жауап беруге дайын.
"Федор Достоевский – ерекше тұлға. Оның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы мен өмір жолының құны жоғары. Қазақстандағы өмір – каторгадағы азапты күндерден кейінгі оның өмірінің жаңа кезеңі. Жер аударылғанына қарамастан жазушы жарқын болашақты біздің қаламызбен байланыстыра білді. Қазір барлық сарапшы дәл сол кезең болмағанда біз танитын Достоевский де, оның рухани терең ой-пікірі де болмайтынына сенімді", - дейді Семейдегі Достоевский музейі қорының бас қорғаушысы, 25 жылдық тәжірибесі бар экскурсия жетекшісі Татьяна Титаева.
Федор Достоевский мен қазақтың тұңғыш ғалымы, этнограф Шоқан Уәлихановтың достығы тақырыбына жеке экспозиция арналған.
Жазушы Қазақстанда өмір сүрген жылдары Уәлиханов әр сапардан кейін досына барып, көрген-білгендерімен бөлісіп отырған.
Достоевский Уәлихановтан дала жазбалары мен карталарды міндетті түрде қағаз бетіне түсіруін талап еткен. Кейіннен дәл осы жазбалар Қашқария мен Қытайға саяхат туралы ғалым еңбектерінің ішіне енді.
Уәлиханов өз кезегінде Достоевскийдің талма ауруынан (эпилепсия) айығуы үшін көмектесіп, ол үшін таза ауаға серуен ұйымдастырып, қымызбен емдеуге атсалысқан.
Достоевский мен Уәлихановтың бірге түскен белгілі суреті үй-музейге жақын орналасқан сурет ательесінде жасалған. Сонымен қатар музей жанында екеуінің достығын білдіретін ескерткіш орнатылған.
Семейдегі Достоевскийдің үйі
Мария Исаеваға үйленгеннен кейін Федор Достоевский пошташы Лепухиннің қала орталығындағы пәтерін жалдап тұрды.
Ол осы пәтер үшін өзінің офицерлік жалақысының жартысын берді. Алайда классик жаңа құрылған отбасы қолайлы өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауға тырысты.
Жазушы өмірінің қызықты фактілері – Достоевский бұрышта орналасқан үйлерде тұрғанды ұнатқан. Оның музейіне айналған үй де солардың қатарында.
Сол жылдары оның пәтерінен Ертісті тамашалау мүмкін болған. Үй төбесі аласалау төрт бөлмеден тұрады: кіреберістегі ас бөлмесі, жатын бөлме, қонақ күтетін бөлме және кабинет.
Өкінішке қарай, Достоевский мен оның отбасы қолданған жиһаздар күні бүгінге дейін сақталмаған. Музей экспозициясы біртіндеп қалыптасқан еді. Оның құрамына ХІХ ғасырдың соңы және ХХ ғасырдың басындағы жиһаз бен мүлік кірді.
Достоевский мерейтойы қалай тойланады
Жыл басынан бері жазушының мерейтойына орай музейде ондаған іс-шара өтті. Алайда эпидемиологиялық шектеулерге байланысты олардың басым бөлігі онлайн форматта ұйымдастырылған.
Достоевскийдің туған күнінде, 11 қарашада музейде Достоевский ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Невзоровтар отбасының музейімен бірлесіп көркемөнер көрмесі, қонақтарға арналған экскурсия, сондай-ақ жазушының Қазақстанда өмір сүрген уақытта жазған "Дядюшкин сон" повесінің премьерасы өтті.
Ұлы классиктің туған күнінде музей қызметкерлерінің қандай арман-тілектері бар екенін сұрағанда олар музейге келушілер мен Достоевский шығармашылығына қызығушылық танытатындар саны арта беруін қалайтынын айтты.
Сонымен қатар ауқымды және толыққанды көрмелер өткізу үшін музей кешені интерактивті жабдықпен қамтамасыз етіліп, оның аумағы кеңейтілсе де құба-қүп болатынымен бөлісті.
Ал біз өз ісінің мамандарына сәттілік тілеп, Федор Достоевскийдің шығармашылығын қызықтайтын жас оқырмандар саны ұлғаюына ниеттестік білдіреміз.