НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков Қара теңіздегі АҚШ пен НАТО-ның әрекетін "отпен ойнау" деп бағалады. Бұл туралы РИА Новости жазды.
"Қара теңіздегі ахуал бізді расында да алаңдатып отыр. АҚШ пен НАТО бойынша одақтастардың, өңірдегі осы мемлекеттердің кейбір клиенттерінің арандатушылық әрекеті таусылар емес", - деді ол журналистерге.
"Америка кемелері орналасқан жерінен мың шақырым қашықтықта Қара теңізде не істеп жүр? Кеме қатынасының еркіндігі үшін деген сылтау орынсыз. Мұның барлығын отпен ойнау деп бағалауға болады", - деді Рябков.
Оның айтуынша, Ресей қорғанысы берік және Мәскеу барлық ниет-жоспардан хабардар.
"Өкінішке қарай, мұхиттың арғы жағындағы әріптестеріміз шиеленіс күшейіп, қақтығыс ықтималдылығы артып жатқанына мән берер емес", - деді Рябков.
"Президент Қара теңіздегі АҚШ әскери кемелерінің белсенділігіне алаңдап отыр және ол бұл туралы алдында да айтқан", - деді Кремль өкілі.
Оның айтуынша, АҚШ кемелерінің Ресей шекарасына жақын келуі үлкен назар аударуды қажет етеді. Алайда президенттер әкімшілігі арасында әзірше бұл мәселе бойынша ешқандай әңгіме болған жоқ.
Сонымен қатар Ресейдің қорғаныс министрлігі де Қара теңізде АҚШ пен НАТО бойынша одақтастардың белсенділігі артқанын мәлімдеді. Ведомство бұл ең алдымен әскери-теңіз күштері, әуе және теңіз барлау құралдары, сондай-ақ стратегиялық авиацияға қатысты екенін атап өтті.
"Соңғы тәулікте Ресей Әскери-ғарыш күштері зениттік зымыран күштері НАТО-ның төрт барлау ұшағын анықтады", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
Базалық патрульдік P-8А Poseidon екі ұшағы, сондай-ақ U-2S пен RC-135 барлау ұшақтары Қара теңіздің солтүстік-батыс және орталық бөліктерін айналып ұшты.
Сонымен қатар Мәскеу уақыты бойынша сағат 12:00 және 15:00-де британдық RC-135 Қырымның оңтүстік-батыс бөлігіндегі Ресей шекарасына жақын ұшуға тырысты. Оның әрекетін бақылау үшін Ресей Әскери-ғарыш күштерінің Су-30 жойғыш ұшағы әуеге көтерілді. Ол Ұлыбритания Әскери-әуе күштерінің ұшағына мемлекет шекарасынан 30 километр қашықтыққа жақындады. Осыдан кейін RC-135 өз бағытын түбекке қарай өзгертті.
Қорғаныс министрлігі бұған дейін Қара теңізге оқу-жаттығу үшін келген АҚШ Алтыншы флотының Mount Whitney кемесі мен Porter эсминеці әлі де акваторияның батыс бөлігіне қарай жүруді жалғастырып жатқанын айтты.
Ведомство "мұндай жоспардан тыс оқу-жаттығулар АҚШ-тың Ресейге қарсы арандатушылық әрекеті ретінде бағаланатынын" айтты. Министрлік осы тектес әрекеттер "өңірлік қауіпсіздік пен стратегиялық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін" жеткізді.
Соңғы уақытта Ресей шекарасы маңында, соның ішінде Қара теңізде шетелдік барлау ұшақтары мен пилотсыз ұшатын аппараттардың белсенділігі артты. РФ қорғаныс министрлігі батыстағы серіктестерді мұндай іс-қимылдан аулақ болуға шақырғанымен, еш реакция болмады.
Біраз бұрын АҚШ Әскери-теңіз күштерінің алтыншы флоты Солтүстік альянс күштерімен бірлескен операциялар жүргізу үшін Mount Whitney флагмандық командалық кемесі Қара теңізге бет алғанын хабарлады. Кеме бортында АҚШ ӘТК алтыншы флоты штабы мен НАТО теңіздегі соққы жасау және қолдау күштері (Naval Striking and Support Forces - STRIKFORNATO) қолбасшылығының қызметкерлері бар.
Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігі Қара теңіздегі АҚШ ӘТК кемелерінің әрекетін бақылап отырғанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, АҚШ Ресей шекарасы жанында қарулы күштер тобын құру бойынша жоспардан тыс әрекеттерге көшті. Ал АҚШ-тың Қара теңіздегі мақсатының бірі – Украинаны әскери тұрғыда игеру. АҚШ Донбастағы қақтығысты күшпен шешуге тура келген жағдайда ахуал қалай болатынын зерделеп жатыр, деп болжады РФ қорғаныс министрлігі.