Қоғам

"Жаңа жылға сыйлық": елде 90 мыңнан астам көліктің салығы қайта есептеледі

Шағын көлемді фургон иелеріне қатысты заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Қазақстанда 90 мыңнан астам шағын көлемді фургон көліктерінің салығы жеңілдетіледі. Салық кодексіне енгізілген өзгерісті мәжіліс депутаттары бірауыздан қабылдады.

Енгізілген өзгерістерге орай, шағын көлемді фургондарға салық қозғалтқышының көлеміне емес, жүк көтергіштігіне байланысты салынады.

90 мыңнан астам көлік иелеріне қатысты заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мемлекеттік құрылымдар салықты төлеп қойған көлік иелерінің төлемдерін қайта есептеуге дайын болуы керек екенін атап өтті.

"Осы норманың арқасында "Газель" жүргізушілері жаңа жылға жақсы сыйлық алатын болды. Енді ең бастысы мемлекеттік органдар іс жүзінде ешбір бюрократиясыз заңға сай қажетті есептеулерді жүзеге асыруға тиіс", - деді ол.

Қайта есептеу процесі көлік иелерінің қатысуынсыз жүзеге асырылатын болады. Мәжіліс сипкері бұл жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де тапсырды.

"Азаматтар ешқайда барудың қажеті жоқ екенінен хабардар болуы керек. Барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Егер түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе елдің бәрі халыққа қызмет көрсету орталығына ағылатын болады, call-орталықтарға қоңырау шалып мазалары кетеді", – деді Нығматулин.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, шағын көлемді фургон иелері үшін көлік салығы айтарлықтай азаяды. Мысалы қозғалтқыш көлемі  3,5 мың текше сантиметр көлік үшін салық 136 мыңнан 20 мыңға дейін төмендейді.

Оқи отырыңыз: