Қоғам

ҰҚК жедел қызметкері Назарбаевқа қатты әсер еткен қылмыс туралы әңгімелеп берді

ҰҚК экономикалық қауіпсіздік департаменті бес жылдың ішінде мемлекеттік мүлікті теріс пайдалану және жымқыру фактілері бойынша 40-қа жуық қылмыстық іс қозғады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. Мемлекет қиын күндерді бастан өткізген 90-жылдардың соңында ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мемлекеттік резервті жымқыруға қатысты ауқымды тергеу амалдарын бастады. Қоймадағы құнды қорды ұрлау фактілері анықталғаннан кейін арнайы қызмет жоғары лауазымды шенеуніктерді тергеуге алды.

Жанармай мен консервілер жоғалып кетті

"Елордадағы пункттердің бірінде жанар-жағармайдың ізім-ғайым жоғалғаны туралы агенттен келіп түскен хабарлама күдік тудырды. Яғни, құжат бойынша барлығы дұрыс та, бірақ іс жүзінде ешқандай бензин болмаған", - деп ҰҚК сайты жедел қызметкерлердің бірінің естелігінен үзінді келтірді.

Ашық ұрлық пен немқұрайлылық фактілері жаға ұстатты. Басқа өңірлерде де тексеру басталып, кейіннен қылмыстық іс қозғалды.

"Мемлекеттік материалдық резерв қоймаларындағы былық жауапты тұлғалар істі құрдымға кетіргенін растады және қиын жағдай туындап қалса, оның салдары адам айтқысыз болар еді. Ол тек жанармайға ғана қатысты емес. Стратегиялық қордағы кейбір азық-түлікті (консервілер, макарон өнімдері, жарма және басқалар) кейбір әскери бөлімдерге сатқаны туралы фактілер де анықталды", - деп еске алды қызметкер.

Тез арада Қазақстанның әр өңірінде мемлекеттік резерв нысандарын тексеруді ұйымдастыру үшін жұмыс топтары құрылды. Барлық процесс орталықта үйлестіріліп, анықталған заң бұзушылықтар туралы барлық материал осы жаққа жолданып отырды.

Осылайша бірнеше айдың ішінде қажетті резервті сақтайтын шамамен 280 пункт тексерілген. Сондықтан ол операция ауқымды ғана емес, халықтық сипатта өтті. Себебі "өзекті мәселелерді жедел шешу үшін бүкіл республика бойынша ондаған агент пен жанашыр азаматтарды тартуға тура келді".

Қоймалар босап қалды

1999 жылдың жазында жасалған қылмыстардың беті ашыла бастады. 1996-2000 жылдары Қазақстанның мемлекеттік материалдық резерв комитетінің басшылығы негізінен жымқырылған материалдық құндылықтардың орнын толтыру және олардың бүтін сақталуын бақылаумен айналысты. Бірақ шенеуніктер бұл мәселені белсенді түрде тек қағаз жүзінде іске асырып келген. Шындығында ешқандай бақылау жүргізілмеген. Сонымен қатар қоймаларда сақтаулы тұрған құнды заттарды сатып, табысты өз қалтасына салуға болатын тауар ретінде қарастырып келген. Ал өздері сатқан тауарды қағазда жарамсыз немесе жою арқылы жаңартуды қажет ететін өнім ретінде көрсеткен.

Соның салдарынан қоймалар қаңырап, ондағы өнімдер құнсыз болды және төтенше жағдай туындап қалғанда, ол халық пен мемлекет қажеттілігін өтей алмайтын еді.

Ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп

Сол шақта мемлекет басшысының атына хат дайындалып, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы жағдай егжей-тегжейлі сипатталып, шұғыл шара қабылдамаса, ұлттық қауіпсіздікке қандай қауіп төнетіні туралы баяндалды.

"Жіберілген ақпараттың жарылған бомба секілді әсері болды. Мемлекеттік материалдық резерв қоймаларындағы былық туралы есеңгірететін деректер Қазақстан президентіне де қатты әсер етіп, біздің жұмысымыз жоғары бағаланды. Мемлекет басшысы үкіметтің кезекті бір отырысында қалыптасқан жағдайды айтып, шенеуніктерді сын тезіне алды", - деп жазылған естелікте.

Шенеуніктер өз кабинетінде қамауға алынды

Ондаған жедел қызметкер мен тергеуші құжаттарды тәркілеу және айғақтарды тіркеумен айналысты. Банктердегі есепшоттарға бұғау салынып, сан миллиондаған теңгенің келісімдері кері қатарылды.

1999-2003 жылдар аралығында ҰҚК экономикалық қауіпсіздік департаменті мемлекет мүлкін жымқыру және қиянат жасау фактілері бойынша 37 қылмыстық іс қозғады.

Жалпы сомасы 160 миллион теңге болатын материалдық құндылықтың жетіспейтіні анықталды. Орта буындағы басшылармен қатар мемлекеттік материалдық резерв комитетінің сол шақтағы төрағасы мен алдыңғы екі басшысы да абақтыға жабылды.

Осындай жағдай тағы қайталанбас үшін заңнамаға ауқымды өзгертулер енгізілді. Қабылданған іс-шаралар Қазақстан резервін құру және сақтау процестерін одан әрі жетілдіруге серпін берді.