Қоғам

Елде төрт жылда 20 заманауи аурухана салынады

Сонымен қатар елде екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салу жоспарлануда
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша — Sputnik. Қазақстанда төрт жылда 20 көпбейінді аурухана және екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салу жоспарланып отыр, деп хабарлады денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтегі инвестициялық штабтың отырысында.

Инвестор компаниялардың, өңірлік әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Түркістан, Петропавл, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Алматы қалаларындағы госпитальдердің құрылысы жобаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

Жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция

Премьер-министр Асқар Маминның төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы да қарастырылды.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық жобалар туралы айтты.

Мәселен, 2014 жылдан бері 780 миллиард теңге, оның ішінде биылғы 9 айда 150 миллиард теңге тартылды.

Энергия генерациясының жалпы қуаты 1 975 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 126 нысаны пайдалануға беріліп, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жаңартылатын энергия көздеріндегі электр энергиясының 41%-і күн электр станцияларынан, 35%-і жел электр станцияларына, 23,8% шағын гидро электр станцияларынан алынады.

2030 жылға қарай электр энергиясын генерациялау құрылымында жаңартылатын энергия көздерінің үлесін қазіргі 3%-тен 15%-ке дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жаңартылатық энергия көздерінің 7 ГВт жаңа қуатын іске қосу қажет болады. Бұл осы салаға 3 триллион теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта осы мәселе бойынша Қазақстан үкіметі ADQ араб компаниясы және Тotal Energies француз компаниясымен келісімге келді. Ірі ауқымды жобалар алдағы 10 жыл ішінде жаңартылатын энергия көздерінің 5 ГВт жаңа қуатын кезең-кезеңімен іске қосуды қарастырады.

Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру атмосфераға шығатын парниктік газ көлемін 8 миллион тоннаға қысқартуға, қосымша 20 миллиард кВт/сағ жасыл энергия өндіруге және 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.