"Бәйтерек" Қазақстанға ғарыш державалары клубына жол ашады – Лавров

Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей үшін бірлескен жобалардың, соның ішінде ғарыш саласындағы жобалардың стратегиялық маңызы бар екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша — Sputnik. "Бәйтерек" жобасы Қазақстанға әлемнің ғарыш державалары клубына кіруге жол ашады. Бұл туралы   Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Российская газета" басылымында жарияланған мақаласында айтылды.

Ресей СІМ басшысының айтуынша, екі ел үшін де аса маңызды бірлескен жобалардың стратегиялық мәні бар.

"Жер маңындағы кеңістікті игеру саласында "Бәйтерек" ұлттық ғарыш бағдарламасын құру туралы сөз қозғалып отыр. Бұл жоба Қазақстанға әлемнің ғарыш державалары клубына мүше болуға жол ашады. Жоспарға сәйкес 2023 жылы Байқоңыр ғарыш айлағынан орта кластағы "Союз-5" ресейлік перспективалы зымыран тасымалдағышы ұшырылады. Осы бағыттағы жұмыстар республикада экономика мен әлеуметтік сала үшін ілеспе кумулятивті ықпалы бар ғылымды қажет ететін жаңа "кластерлер" пайда болуына әсер етеді", - деп жазылған мақалада.

Ресейдің сыртқы істер министрі сондай-ақ ғылыми-технологиялық өрлеу үдеп жатқан уақытта Ресей-Қазақстан байланысы өндіріс қуатын модернизациялау мен біріктіруге, ғылымды қажет ететін өніммен алмасуға, тауар айналымында шикізаттық емес тауарлар мен қосылған құны жоғары бұйымдарды арттыруға бейімделгенін атап өтті.

"Көп іс-шара тікелей өөнерәксіптік кооперация жолында жүзеге асырылып жатыр. Оның қатарында әскери-индустриялды кешен желісінің жобалары да бар. Мұндай байланыстар біздің одақтас қарым-қатынасымыздағы құнды актив екені сөзсіз", - деп мәлімдеді Лавров.

"Бәйтерек" ғарыш жобасы

2018 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы 2004 жылдың 22 желтоқсанындағы Байқоңырда "Бәйтерек" кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Ол құжат "Зенит-М" кешенінің жерүсті ғарыш инфрақұрылымы нысандарын жалға алудан босатуды және модернизация жүргізу үшін қазақстандық тарапқа беруді, жоба бойынша тараптардың міндеттерін анықтайды.

2020 жылдың қазанында Қазақстан мен Ресей "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенін құру туралы келісімшартқа қол қойды.

Қазақстан "Зенит-М" ғарыштық зымыран кешенін жаңғырту арқылы жерүсті инфрақұрылымын құруға жауапты. Ресей ұшырылатын "Союз-5" және "Союз-6" зымыран тасымалдаушыларын дайындайды. Алғашқы ұшу 2023 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.

2021 жылдың қазанында мәжіліс депутаттары "Бәйтерек" кешенін құру туралы Қазақстан-Ресей келісіміне өзгерістер енгізетін хаттаманы ратификациялауды мақұлдады.

Оқи отырыңыз: Қазақстан премьер-министрі мен Роскосмос басшысы "Бәйтерек" жобасын талқылады 

Сәрсенбіде мақұлданған хаттамаға сәйкес, "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны" АҚ кредиттік міндеттемелерден босатылды: бюджеттік кредит оның жарғылық капиталына ауыстырылады.

"Конвертация нәтижесінде бірлескен кәсіпорындағы қазақстандық тараптың үлесі 99%-ке дейін артады", - деп түсіндірді Қазақстан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәжілістің пленарлық отырысында.

Мусин "хаттама бірінші кезекте қазақстандық тараптың мүдделеріне сәйкес келеді" деп сендірді. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан үшін қажет, себебі ол бірлескен кәсіпорынның бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін шешеді.