Өңірлер

Түркістан облысында құдасының үйіне шақырусыз барғандар сотталды

Полиция отбасының туыстары мен жақындарынан жауап алды. Ұсталғандардың бірі бұған дейін сотты болған
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 қараша – Sputnik. Түркістан облысында құдасының үйіне ұрлыққа түскен ағайындылар сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция ақпаратына сәйкес, Сарыағаш ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, жатын бөлмесінде тұрған сейф қолды болғанын айтқан. Ер адамның сөзінше, үйде ешкім болмаған, алтын бұйым мен 11 000 АҚШ доллары салынған сейф жоғалып кеткен.

Шығын көлемі 10 миллион теңгеге жуық. Бұл жайт қылмыстық кодекстің 188-бабы ("ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелді.

Полиция отбасының туыстары мен жақындарынан жауап алды. Нәтижесінде күдікті ретінде ағайынды екі ер адам ұсталды. Оның бірі бұған дейін сотты болған.

"Өздері бірнеше рет барып жүрген алыс туысының үйінде ешкім жоғын біліп, жымысқы әрекетті іске асырған. Күдіктінің кішісі жәбірленушінің ауласындағы қоршаудан секіріп, үйдің терезесін бұзып, ішіне кірген. Ағасын көмекке шақырып, екеуі жатын бөлмедегі ауыр сейфті көтеріп әкеткен. Қолды еткен затты ауыл сыртына апарып, ішіндегі алтын бұйымдарды шығарған. Ақшаны алып, сейфті сол жерге лақтырып кеткен", - деп хабарлады полиция.

Полиция қылмыс бойынша бір ай тергеу жүргізген. Іс сотқа жолданған соң бұрын сотты болған 30 жастағы күдікті 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның 32 жастағы ағасына 4 жыл 7 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді.