Өңірлер

Қостанай көшелерінде ресейлік нөмірмен жүрген көлік саны күрт азайды – видео

Он ай ішінде облыста шетелдік көліктердің қатысуымен 83 жол апаты болды. 18 адам көз жұмды, 107 адам жарақат алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Қостанай облысында Ресейде тіркеуден шығарылған, бірақ сол елдің нөмірімен жүрген 7 800 көлік бар. Бұл туралы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция бастығының орынбасары Виталий Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Ішкі істер министрлігі алдымен шетелдік нөмірі бар көліктердің жол ережесін бұзуы фактілерін зерделеп шықты. Одан кейін Ресейге сұрау салынған болатын. Ол жақтан ресейлік тіркеуден шығарылған және Қазақстанға кірген көліктер тізімі келді. Қазіргі кезде Қостанай облысында ондай 7 800 машина жүр", - деді Цой арнайы брифингте.

Осы орайда Цой жол ережесі туралы заңның 66-бабын сақтау қажеттігін еске салды. Оған сәйкес, сатып алынған көлік он күн ішінде тіркеуге қойылуы шарт. Осы талап орындалмаса, 10 АЕК (29 170 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал көлік айыппұл тұрағына қойылады.

"Қостанай облысында екі күн ішінде 35 әкімшілік хаттама рәсімделіп, барлық көлік айыппұл тұрағына қойылды", - деп атап көрсетті Цой.

Әлеуметтік желіде тараған видеоларға қарағанда қалада ресейлік нөмірмен жүрген көліктер саны күрт азайды. Көбісі көшеге шығуға қорқады.

Ресми мәліметке сәйкес, он ай ішінде облыста шетелдік көліктер қатысуымен 83 жол апаты болды. 18 адам көз жұмды, 107 адам жарақат алды. Бүгінде әрбір бесінші жол апаты осы санаттағы көліктердің қатысуымен болып жатыр.