НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. "Шерқала" кешенінде орналасқан "Аянат" асханасының иесі жарылыс кезінде қоғамдық тамақтану орнында ешкім болмағанын мәлімдеді. Ол өзі есікті жауып, отбасымен бірге кетіп қалған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Дәмханада адам қалған жоқ. Мен сағат 19:30-дың шамасында бала-шағамды алып, шығып кеткенмін. Өзім жауып, құлыптап кеттім. Арғы жағында тағы ас үй бар. Олардың жағдайын білмеймін. Екінші қабатта тігін цехы бар. Оларға да мен жауап бере алмаймын. Кім болғанын білмеймін", - дейді Абай Әміреев.
"Шерқала" кешенінің иесі Жәнібек Әжмұханов та жарылыс кезінде ғимаратта ешкім болмады деп мәлімдеді.
Осы нысанда асханадан бөлек мейрамхана, техникалық қызмет көрсету станциясы, қоймалар, арнайы киім мен автобөлшектер дүкені болған.
Жарылыс кезінде 11 автокөлікке зақым келген. Адам шығыны туралы ақпарат жоқ.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда жарылыс "Аянат" асханасының өзінде емес, алдын ала ақпаратқа сәйкес, самса мен палау сататын жерде болған.
Оқиға орнына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та барды. Ал төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыровтың жарылыстың алдын ала себебін жариялады. "Шерқала" кешенінде газ-ауа қоспасы жарылған.
7 қарашада кешке екі қабатты "Аянат" дәмханасында жарылыс болып, салдарынан ғимарат толығымен қирады.