Қоғам

Тұрғымбаев Абай шахтасындағы жарылыс туралы: әзірге күдікті жоқ

Жарылыс пен адам өлімі себептері анықталып жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қарағанды облысы Абай шахтасында болған жарылысқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Абай шахтасындағы жарылыс үшін қылмыстық жауапқа тартылатын бір топ күдікті бар екенін мәлімдеген еді. Алайда ішкі істер министрі мұны жоққа шығарып отыр.

"Қазір шахтаны үйіндіден тазарту жұмысы жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша онда метан жарылған. Жарылыс пен адам өлімі себептері анықталып жатыр. Сараптама қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады. Қазіргі таңда адам өлімі және жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді Тұрғымбаев мәжіліс кулуарында.

"Күдіктілер тобы бар ма?" деп нақтылады БАҚ өкілдері.

"Әзірге жоқ" деп жауап берді министр.

Еске салайық, жексенбі, 7 қарашада таңертең Қарағанды облысы Абай қаласындағы шахтада метан газы жарылды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өз бетінше жер бетіне шыққан. Алты адам қаза тапты, тағы екеуі ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

Оқи отырыңыз: Шахтадағы трагедия: министр Ильин төтенше жағдайдың қалай болғанын айтты 

Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы (Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қаза болған кеншілердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды.