Өңірлер

Алматыда миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

7 қарашаға дейін қалада 1 002 324 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды, 940 084 адам толық вакцина алды
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 қараша – Sputnik. Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаны миллион адам салдырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Миллионыншы болып вакцина салдырған әйелдің церебралды сал ауруымен ауыратыны хабарланды. Алайда ол ауруына қарамастан өзін коронавирустан вакцина арқылы қорғауды ұйғарған.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйелдің отандық QazVac вакцинасын салдырғанын айтты. Ол №22 емханаға тіркелген.

"Өз еркіммен вакцина салдырдым. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Емханаға таңертең келіп, вакцинадан кейін жарты сағат дәрігерлердің бақылауында болдым. Басында аллергия болады деп уайымдадым, бірақ ештеңе сезілмеді. Жағдайым жақсы. Қалада вакцина салдырған миллионыншы адам болғаныма қуаныштымын. Баршаңызды вакцина салдыруға шақырамын", - деді Самал Оқапова.

Вакциналау басталған 1 ақпаннан 7 қарашаға дейін қалада 1 002 324 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырды, 940 084 адам толық вакцина алды. Оның ішінде 121 018 адам алпыс жастан асқан.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда сауда орталықтарына "жасыл" мәртебесі бар азаматтар ғана кіре алады 

Қазір Алматыда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында 137 егу пункті жұмыс істейді. Ол жерлерде вакцина тиімділігіне әсер ететін барлық талап қатаң бақыланады.

Қалада Pfizer вакцинасын қабылдауға дайындық жүргізіліп жатыр: мұздатқыш орнатуға арналған орындар дайындалды, вакцинаны сақтау бойынша жауапты тұлғалар анықталды, медициналық қызметкерлер біліктілік арттырып жатыр.