Дерекқор

Қазақ халқы жеті қазынаға нені жатқызған

"Жеті" – қазақ халқы үшін киелі сан. Ата-бабамыз жеті санын қастерлеп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, ата заңдарына арқау етіп келген. Мысалы, қазақтың дәстүрлі дүниетанымында "Жеті қазына" деген ерекше ұғым бар. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Жеті қазынаға не кіреді

Бүгінде жеті қазынаның бір емес, бірнеше нұсқасы бар. Қазақ халқы дәріптеген қастерлі дүниеге қатысты талас-тартыс, даулы әңгіме әлі де көп.

Жалпы жеті қазына ертеректе көшпенді халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқы жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырған. Сол себепті оған жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қандыауыз қақпан, майланғыш ау, өткір кездікті жатқызған.

Ондағы жүйрік ат – ер жігіттің қанаты, қыран бүркіт – қуаты, құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі, мылтығы – қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы – әдіс-айласы, кездігі – сұсы.

Жүйрік ат

Қазақ халқы жылқыны киелі жануар санайды. Ежелгі көшпелі халық болғанымызды білдіретін басты нышан – қазақ жылқысы. Қазақ халқының көшпенді өмір салтында, яғни, өркениетінде жылқының алатын орны айрықша. Жылқыны қолға үйрету көшпелі өмірді едәуір жеңілдетіп, шаруашылықта маңызды рөл атқарды. Жылқы жорық уақытында басты көлік, ал еті мен сүті азық болды. Сонымен қатар қазақтар жүйрік атқа мініп, аң да аулаған.

Оқи отырыңыз: "Атом бомбасынан кем емес": Ғалымдар жылқының қазақ өмірін қалай өзгерткенін айтты

Жылқы ер қанаты ғана емес, қазақтың – рухы. Қазақ халқы жылқыны қастерлейтіні соншалық, өзін жылқы мінезді жұртқа теңейді.  

Қыран бүркіт

Бүркітті көшпелі қазақ, ең алдымен, күнкөріс есебінде қолға үйреткен. Бұл да халқымыз үшін киелі құс.

Жақсы үйретілген қыран ұстаған аңын шоқып тастамай, иесін күтеді. Бүркітпен бір маусымда бірнеше ішік шығатын қасқыр, ондаған тымаққа қажет түлкі аулаған. Бүркіт – өте алғыр құс, ірі аңдардан бастап қоянға дейін ұстай береді.

Қазақ халқы жеті қазынаға нені жатқызған

Бүркітті аңға салу үшін бірталай жабдық керек. Қыранды алып жүретін аңшы қолына қалың теріден биялай киген, әйтпесе құстың берік шеңгелі иесінің қолын сойып жібереді. Ердің алдына құсты қондыратын тұғыры болады. Бүркіттің көзін томаға жауып тұрады. Аң көрінгенде ғана қыранның көзін ашқан. Мұндай сәтті қазақ "томағасын сыпырды" дейді.

Құмай тазы

Жеті қазынаның бірі – құмай тазы. Тазы – жазық далада аң аулауға арналған ит тұқымы.

Небір сұрыптау арқылы қазақ даласында иттің төбет және тазы аталатын түрлері пайда болды. Тазының алдыңғы аяқтары маймақтау, іші қабысып тұрады. Құлақтары салбыраңқы, жүні тықыр болады. Қатты жүгірген соң, тілін салақтатып, сол арқылы денесін салқындатып алады. Тазы өзінің жүйріктігімен қайран қалдырады.

Жақсы үйретілген тазылар аңды ұстап, өлтіргенмен, оны жемейді. Терісін де бүлдірмейді. Егер аңшылар көрінбесе, үріп, қайда тұрғанын білдіреді. Мұның бәрі тазының ақылды ит екенін аңғартады.

Берен мылтық

Адамзат қолымен жасалған қарудың ішінде мылтықтың жөні бөлек. Бұл қару аңды аңды алыстан атып алуға мүмкіндік береді. Мылтықты қазақ ұсталары өз қолымен жасаған. Ондай ұстаны ертеректе "дархан" деп атаған. Қарудың ұңғысы темірден құйылған, мылтықтың сапалы болуы ұңғының түзулігі мен беріктігіне байланысты. Ұңғының оқпаны әртүрлі болады, оны ғылымда калибр дейді.

Берен мылтық деп атпен алып жүруге ыңғайлы, жеңіл әрі дәл тиетін ұңғысы ұзындау мылтықты айтады. Берен мылтық бір ғана ауызды болады.

Қандыауыз қақпан

Қақпан аң ұстауға пайдаланылған. Қақпан көрініп тұрмас үшін жерді шұқырлай қазып, соған құрған. Бетін шөп-шалам және малдың тезегімен бүркеп қоятын. Сонда ғана адамның иісі қалмайды. Қақпан құрған жердің айналасындағы іздерді сыпырып тастайды.

Оқи отырыңыз: Түрікменстан президенті Тоқаевқа жылқы мен тазы сыйлады – видео

Қақпан қандай аңға құрылғанына байланысты аталады. Қасқыр, түлкі, қарсақтың қақпаны "қасқыр қақпан" аталады, жолбарыстың, қоян, суырдың, тіпті тышқанның өзіне лайық жасалған қақпаны болады.

Құрылған қақпанның ортасында тілі болады. Аңдар оны абайсызда басып кеткенде, тіл тиекті босатып, қақпан сарт еткізіп қауып қалады. Қашан иесі келіп, серіппесін басып ашқанша, ештеңені босатпайды.

Майланғыш ау

Қазақ ортасында балық аулауды кәсіп еткен бір қауым ағайын болды. Олар Каспий мен Арал теңіздерін, Зайсан, Балқаш, Алакөл мен басқа да көлдердің жағасын мекен еткен.

Балық аулауға ыңғайлы құрал ау деп аталады. Қайық немесе кемемен екеулеп сүзіп шығатын аудан басқа, су ортасына керіп қоятын аулар да бар. Оны "жылым" дейді. Кәнігі балықшылар балықтың суда жүзетін жері мен жайылатын уақытын біледі. Жылымды сондай тұста құрып кетеді.

Кездік

Ұрыс тұрмақ, бейбіт күнде әрбір ер-азамат жанынан тастамайтын құрал кездік деп аталады. Ол жігітке ерекше сұс береді. Сондай-ақ ел арасында сыйлы азамат екенін білдіріп, абыройын арттырған.

Кездік белбеуге ілініп, кез келген уақытта суырылып алуға ыңғайлы болады.

Оқи отырыңыз: "Рактан жазылды". Қымыз бен шұбат қандай ауруларға ем?

Кездіктің бір жағында ғана жүз бар. Ол өте өткір қайралады. Қазақ оны жалаңдатып ұстамай, қынға салып қояды. Жігіттер кездікті аң мен малды бауыздап, сою үшін, тал кесу үшін пайдаланған. Сондықтан ешқашан кездігін жанынан тастамаған.

Ертеректе әркімнің өз кездігі болған, бала ержеткенде әкесі оған кездікті арнайы соқтырған.

Жеті қазынаның басқа нұсқалары

Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы жеті қазынаны былайша жүйелеген:

"Мұны "ер жігіттің жеті қазынасы" деп анықтап айту керек. Бұл ер-азаматтың жеке басына, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бағалы дүниелеріне байланысты айтылған.

Жүйрік ат − жігіттің қанаты. "Ат − ер қанаты" дегендей, атсыз жігіттің күні қараң болған;

Қыран бүркіт − жігіттің алғырлығы, бүріп түсер күш-қуаты;

Құмай тазы − сенімі, досқа адал беріктігі;

Берен мылтық − оты, қаһары;

Қақпан − серті, бірсөзді мәрттігі;

Алмас кездігі − сұсы, айбыны;

Сұлу әйел − елдің бәріне сұлу қайдан табыла берсін, бірақ сұлу болсын-болмасын, ол − ер-азаматтың артындағы қамалы, отының берекесі. Сұлу әйел дегенде тек бет көркі емес, оның жан тазалығы, ақыл-парасатын айтқаны болуы керек. Беті жылтыраған ұрғашының бәрі қазынаға жатпаса керек. Сөздің қысқасы, ер жігіттің басындағы осы жетеуі түгел болса, таршылық көрмейді депті бұрынғылар".

Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова "Бабалар аманаты" кітабында батырдың жеті қазына жайлы әңгімесін былайша жүйелеп жазып берген:

"Жеті қазына" әр елдің тұрмыс-тіршілік салтына, таным-нанымына қарай әртүрлі айтылатыны − табиғи нәрсе. Ертедегі грек-аңыз әңгімелерінде жиі кездесетін "жеті қазына" өзге халықтарға, оның ішінде қазаққа да тән деуге де болады. Өйткені мұндай айтылатындардың барлығы адамзатқа ортақ. Оны былайша таратады:

Біріншісі − Аспан. Аспан дүние жаратылыстың тылсым құпия сырларын аясына сыйғызып тұр. Өмірге пана болып, аспан денелерінің қалпын сақтап тұрған көк күмбез − планеталар мен жұлдыздардың құтты мекені.

Оқи отырыңыз: Барыс жылы: 2022 жыл қандай болады

Екінші қазына − Күн. Күн − әлемдегі тіршілік тірегі. Күллі адамзат, өсімдіктер әлемі, құрт-құмырсқа, жан-жануар күннің шуағынан нәр, күш-қуат алады. Күнсіз тіршілік жоқ.

Үшінші қазына − Ай. Ай − әлемнің түнгі нұры. Ай болмаса дүниені қара түнек басар еді. Жаратылыстың түнгі ырғағы бұзылады.

Төртінші қазына − Жер. Жер − барлық тіршілік иесінің анасы. Жер болмаса, ешнәрсе өсіп-өнбес еді.

Бесінші қазына − Су. Сусыз тіршілік жоқ. Су − таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен.

Алтыншы қазына − От. От − Күннің жердегі ұшқыны. Ертедегі адамдар оттың жылу, жарық беретін, суықтан қорғап, ауру-сырқаудан сақтайтын құдіретін жан-тәнімен түйсініп, түсінген. От бар жерде өмір бар.

Жетінші қазына − Ит. Ит адамзаттың жер бетіндегі алғашқы серігі, қорғаушысы. Итті басынан ұрмайды, аяқпен теппейді".

Енді бір нұсқада жеті қазынаға ер жігітті, сұлу әйелді, ілім-білімді, жүйрік атты, құмай тазыны, қыран бүркітті және берен мылтықты жатқызады. Негізінен, ел арасында жеті қазына турасында осы нұсқа көп айтылады.

Ал кейбір деректерде жеті қазынаның қатарына қазан, диірмен, садақ, кітапты да қосқан. Мұның бәрі жеті қазына турасында әлі күнге дейін ортақ пікірдің жоқтығын көрсетеді.

Жеті ырыс

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің тағы бірі  – жеті ырыс.

Қазақ халқы жеті қазынаны жеті ырыс деп танып, оған мыналарды жатқызған:

  • адамның ақыл-ойы, санасы;
  • денсаулық (бірінші байлық – денсаулық);
  • ақ жаулық (үйдегі әйел – ердің жары, балалардың анасы);
  • бала (өмір жалғасы);
  • көңіл (көңіл мен пейіл кең болса, ынтымақ, береке орнайды);
  • жер (жерсіз – ел тұл, ерсіз – жер тұл);
  • ит (адамның сенімді серігі).

Ислам аңызы бойынша жеті қазынаға мыналар жатқызылады:

Қыдыр (қызыр). Ол өзі ұнатқан адамдарына ғана дариды. Қыдыр дарыған адам байлыққа кенеледі деген түсінік бар;

Бақ. Ерекше жаратылған құдірет иесі. Бақ дарымайды, қонады. Бақ қонған адам ел мен жерге қожалық етеді;

Ақыл. Ақыл — байлық пен бақыттың тірегі;

Денсаулық. Деніңізде саулық болмаса, өміріңізде сән де, мән де болмайды делінеді;

Ақ жаулық. Діни аңыздар бойынша, Алла адамды топырақтан жаратып, жан берген соң, адам ұрпағын тарату үшін оның сол жақ қабырғасының біреуінен Хауа Ананы жаратқан;

Тұз. Тұз — Алланың адамдар мен жан-жануарларға берген несібесі, таусылмайтын кені;

Ит. Адам мен Хауа Ананың алғашқы серігі, қорғаушысы.

Дін жолындағы ұстаздардың сөзіне қарағанда жеті қазына шариғат негіздеріне қайшы емес. Өйткені бұл ұғымның ешқандай наным-сенімге қатысы жоқ. Ертедегі тұрмыс-тіршілікке қатысты айтылған дүние.