Спорт

Қазақстанда ауыр атлетикадан жаңа бас бапкер және спорт омбудсмені тағайындалды

Мұндай шешімді Қазақстан билігі спортшы Альберт Линдердің қайтыс болуына және одан кейінгі оқиғаларға байланысты қабылдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Дәурен Бекмұханбетов ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып сайланды. Бұл туралы Талдықорғанда мәдениет және спорт министрінің басшылығымен өткен жаттықтырушылар кеңесінің отырысында белгілі болды.

Отырыс барысында жаттықтырушылар кеңесінің басым көпшілік дауысымен Дәурен Бекмұханбетов ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып сайланды.

Танымал спортшы Альберт Линдердің қайтыс болуы және одан кейінгі спортшылардың, жаттықтырушылардың, сондай-ақ Альберт Линдердің туыстарының көптеген үндеуі мен өзге оқиғалар түбегейлі шаралар қабылдауға себеп болғаны анық.

"Министрдің араласуынан кейін жаттықтырушылар штабы тарапынан өрескел заң бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде құраманың бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов, аға жаттықтырушы Сергей Седов және басқалар жұмыстан шеттетілді", - делінген хабарламада.

Министр жиынға федерация басшылығы өкілі ретінде қатысқан Алдияр Нұралиновке допингтік жанжалдардан кейін федерацияны сауықтыру бойынша атқарған орасан зор жұмысы және осы спорт түрін дамыту бойынша қолға алынған күш-жігері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ Райымқұлова отырысқа қатысқан жаттықтырушыларға қазақстандық спорттың дамуына баға жетпес үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Министр отырыс барысында спорттағы әділетсіздік туралы өтініштердің ұлғаюына және оларды растайтын фактілерді анықтауға байланысты еркін стильдегі танымал қазақстандық палуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының (2000) күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты спорт бойынша омбудсмен етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.