НҰР-СҰЛТАН, 6 қараша — Sputnik. Қазақ КСР ағарту министрі болған Қажахмет Балахметов өмірден өтті. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
"Бүгін отандық білім беру ісінің корифейі, Қазақ КСР ағарту министрі болған Қажахмет Балахметов өмірден өткендігі туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты", - деп жазды Аймағамбетов.
Министр Қажахмет Балахметұлы еліміздің білім беру саласын дамытуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Бұл саланы 13 жылдан астам басқарған ол балалар мен жастарды оқыту мәселесіне ерекше назар аударды.
"Соңғы рет Қажахмет Балахметовпен биыл жазда 95 жас мерейтойымен құттықтап барғанымда кездесіп едік. Ол үнемі білім беру ісіндегі жаңалықтарды қадағалап, өз тәжірибесімен бөлісіп отыратын. Қажахмет Балахметұлының туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын", - деді білім министрі.