Экономика

Жасырын майнерлердің кесірінен энергия тапшылығы бола ма – министрліктің жауабы

Қазақстанда жасырын майнерлер тұтынатын электр энергиясының көлемі ай сайын артып келеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша – Sputnik. Қазіргі кезде энергия тапшылығы байқалмайды. Бірақ аладғы уақытта жасырын майнерлердің қызметі еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл туралы энергетика вице-министрі Мұрат Жөребеков айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз тапшылықты көріп тұрған жоқпыз. Еліміздің энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен "сұр" майнерлердің тарапынан энергия тұтыну көлемін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Әйтпесе бұның барлығы шынымен де энергетикалық қауіпсіздігімізге кері әсерін тигізеді", - деді Жөребеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда энергия тұтыну көлемі жыл сайын 1-2 процентке артып келеді. Ал биыл 10 айдың ішінде бірден 8 процентке өсті.

"8 процент – бұл тұтынудың айтарлықтай үлкен өсімі. Шамамен 100-1200 мВт болады. Әлбетте біз бұны майнерлермен байланыстырып отырмыз", - деп атап өтті вице-министр. 

Қазақстанда 50 майнинг дата-орталық ресми түрде тіркелген. Алайда жасырын майнерлер аз емес. Олардың саны ай сайын өсіп келеді.

"Оған Қытай Халық Республикасында майнингтік фермаларды толығымен жабу бастамасы да ықпал етті. Көбісі бізге көшіп келді. Содан электр энергияны тұтыну көлемі артып отыр", - деді Жөребеков.

Оқи отырыңыз: Тоқаев "сұр" майнерлерді анықтау жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды

Айта кетері, жақында президенттің қабылдауында болған энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жасырын майнерлер мәселесін көтерді. Оның айтуынша, "сұр" майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынады. Олардың бәрін анықтау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке қажет болған жағдайда басқа да құзырлы органдарды тарта отырып, аталған жұмыстарды жылдамдатуды, сондай-ақ майнингті заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесін кейінге қалдырмауды тапсырды. Ал заңды түрде тіркелген майнерлер өз қызметін қосымша шектеулерсіз жалғастыра береді.