АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Қазақстандық танымал әзілкеш әрі шоумен Тұрсынбек Қабатов жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әзілкеш әлеуметтік желідегі парақшасында бірінші қарашадан бастап 31 арнаның ойын-сауық бағдарламарының продюсері қызметіне кіріскенін жазды.
"Өмірімнің өрнегі – шығармашылық жолымның жаңа белесіне қадам басқалы отырмын. 1 қарашадан бастап Қазақстанның ақпарат айдынында орны бөлек 31 арнаның ойын-сауық бағдарламарының продюсері қызметіне кірісемін. Жуырда ғана арна басшылығы ауысып, Құрманбек Жұмағали бастаған заманауи көзқарасы бар медиаменеджерлердің жаңа толқыны келді. Қазір ұжымның қолға алып отырған жоба-жоспарлары менің де көңілімнен шықты", - деп жазды Қабатов.
Ол ауқымды тележобаларды іске асыру туралы ұсыныс түскенде ойланбастан қабыл алғанын жеткізді.
Патша көңілді көрермен көңілінен шығамыз деп ойлаймын, деп түйіндеді ол.
Айта кетері, жақында ғана Қабатов төңірегінде тағы бір шу шықты. Тұрсынбек Қабатов пен оның көмекшісі екі жыл бұрын Қарағанды облысында болған және адам өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша үкіммен келіспей, апелляцияға берді.
Жол апаты 2019 жылдың қазанында Нұра ауданындағы Ахмет аулының маңында болды. Lexus маркалы көлік мінген Қабатовтың көмекшісі 34 жастағы Ерлан Омарқұловты қағып кетті. Ол көз жұмды.
Сот жесірдің пайдасына сотталушы және Тұрсынбек Қабатовтан 8 миллион теңге өндіру туралы қаулы етті. Яғни Тұрсынбек көз жұмған азаматтың артында қалған жесірге тиісті соманың жартысын – 4 миллион теңге төлеуі керек.
Сол қайғылы оқиға болатын күні көлікті айдаған оның көмекшісі өз кінәсін мойындамай отыр. Ол жәбірленуші мас күйде қараңғы уақытта жол ортасына жүгіріп шықты деген уәж айтуда.
Тұрсынбек Қабатовтың талапарызын сот алқасы кері қайтарды. Олардың айтуынша, азаматтық талапарыздар бойынша дұрыс шешім шыққан.
Ал оның алдында Тұрсынбек Қабатовтың мектеп бітірген қызы ұлттық бірыңғай тестілеуге орнына басқа адамды кіргізгені белгілі болды. Алайда әзілкеш бұл жағдайдан мүлде бейхабар болғанын айтып, ақталды.